Бұдан былай елімізде науқастарды емдеудегі дәстүрлі схемалық тәсіл жойылып, әр пациентті жеке емдеу тәсілі қолға алынады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлер науқастарды емдеудің бұрынғы әмбебап түрінен, әр науқасты жеке қарау тәсіліне өтеді.
«Бағдарламада бастауыш мекемелерді ары қарай жаңғырту пациентке бейімделген модель негізінде жүргізілетінін баса көрсеттік. Яғни, бәріне арналған әмбебап, дәстүрлі, схемалық тәсілден әр науқастың жеке мүдделерін, отбасын, ерекшеліктері мен өмір салтын ескеретін жұмыс үлгісіне көшуіміз қажет. Дәл осындай технологияларды серіктестерімізбен бірігіп жасап жатырмыз», - деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда өлім-жітім саны азайған. Дегенмен, бірқатар ауру түрлеріне шалдыққан науқастар көбейген. Дәлірек айтсақ, ересектер арасында жүрек-қан тамыр, тыныс алу мүшелері мен өкпе ауруларына шалдыққандар саны артқан.