Елімізде өңделмеген теріні сыртқа шығаруға тыйым салынуы мүмкін

11.07.2017 в 15:45

Елімізде өңделмеген теріні сыртқа шығаруға тыйым салу туралы қаулы осы жылы да қабылдануы мүмкін. Мұндай шектеу өткен жылы қолданысқа енгізілген болатын. Соның арқасында былғары кәсіпорындарының қуаттылығы арта түскен. Бұл өз кезегінде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға септесуде. Одан бөлек, аяқ киім фабрикаларының өніміне шетелдіктер де қызығушылық танытуда.

Қазақстан әлемде шикізатқа аса бай мемлекеттердің қатарында. Тері, жүн, мақта бәрі бар бізде. Бірақ жеңіл өнеркәсіптің үлесі еліміздегі жалпы ішкі өнімнің тек бір пайызға жетер-жетпесін құрайды. Саланың жеткілікті деңгейде дамымауына тері өнімдерінің елімізден тыс жерлерге, көп жағдайда Қытай Халық Республикасына әкету де өз әсерін тигізеді. Алайда, былтырдан бастап оның бейберекет тасымалдануына шектеу қойылды.

«Өткен жылдың қараша айында өңделмеген теріні  сыртқа шығаруға тыйым салу туралы қаулы қабылданған болатын. Оны жүзеге асыру туралы бастаманы бірнеше жыл көтеріп келген едік. Ресей, Беларусьта мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Былтыр 6 ай мерзімге қабылдаған қаулы оң нәтиже берді. Былғары кәсіпорындары қуаттылығын орташа есеппен 10 пайызға пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 40 пайызға жетті»,- деді Қазақстан Республикасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті, Любовь ХУДОВА.

Бүгінде елімізде былғары және жүн өңдеумен айналысатын 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның басым бөлігі Алматы және Алматы облысында шоғырланған. Елімізде аяқ-киім өндірісі тек 1 пайызды қамтиды. Ал қалған бөлігін импорт құрап отыр. Оны кем дегенде 30 пайызға жеткізу басты мақсат. Аяқ киім өндірісінде өсім байқалады. Отандық тауар өндірушілер өнімі шетелге тасымалдана бастады. Дегенмен, дүкен сөрелеріндегі аяқ киімнің арасында Қытайдың үлесі 70 пайызды құрауда.

«Аяқ киім өндірісін дамыту үшін алғаш рет ауқымды жиын өткіздік. Басқосуға өндірушілер де, импорттаушы компаниялардың өкілдері және осы салаға қатысы бар барлық азаматтар жиналды. Осы саладағы кемшін тұстарды анықтап, оны жою жолдары қаралды»,- деді Қазақстан Республикасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті, Любовь ХУДОВА.

Еліміздегі ең ірі киім және аяқ киім өндіруші фабриканың бірі Казлегпромның тауарына Ресей елі азаматтары қызығушылық таныта бастаған. Бүгінде кәсіпорын ұсынылатын тауар ассортиментін арттырған. Өткен жылдан бері италиялық технологиямен аяқ тігуді бастаған. Осының арқасында өнім көлемі 150 мыңға артқан.

Аяқ киім фабикасында бұған дейін италиялық технологиямен ерлерге арналған аяқ киім дайындалып келген. Енді осы жылдан бастап өндіріс орны оқушыларға арнап туфли тіге бастады. Қазіргі таңда, тапсырыс бойынша 1200 дана дайындалып қойған.

Оған қоса, италиялық технологиямен әйелдерге арналған аяқ киім әзірленбек. Қазір базалық дайындық жүруде. Ол осы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Қосымша 60 жұмыс орны ашылмақ.

«Тігілетін аяқ-киім түрі сан алуан. Әскерилерге және арнайы аяқ киімдер де шығарылады. 4 маусымға арнап әзірлейміз. Бағаны қойғанда қолданылған былғары, табыны мен фурнитураға кеткен шығынды есептеп белгілейміз. Шикізатты көбіне Италиядан тасымалдаймыз»,- деді Аяқ киім өндісірінің басшысы, Гүлсім ЗӘКІРОВА.

Бүгінде өндіріс көлемі жылына 500 мың аяқ киім шығаруға қауқарлы. Болашақта кәсіпорын сапалы мата тоқып, былғары өндіруді жоспарлауда.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы