Елімізде үш тілде дәріс беру кестесіне біраз өзгерістер енуі мүмкін

17.11.2017 21:54

Келер жылы үш тілде дәріс беру кестесіне біраз өзгерістер енеді. Биыл қолға алынған іс-шаралардың қорытындысы бойынша, мұғалімдердің нақты пәндерді ағылшын тілінде дәріс беру деңгейі анықталады. Ол сенат қабырғасында өткен жиында белгілі болды. «2018-2020 жылдарға» арналған бюджетті бекіту барысында орта білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің деңгейін көтеру және қайта даярлау курсынан өткізу мәселесі де қамтылған. 3 тілді білім беру бағытына 7 млрд теңгедей қаржы бөлінбек. Бірақ, сенаторлар тіл курсынан кейін мұғалімдердің ағылшынша жетік меңгеріп кетеріне күмән келтірді. 

«Мұғалімдерді даярлауға келер болсақ, шынында да бұл қысқа мерзімдік жұмыс емес. Ұстаздар В2 сынды деңгейлерді өтулері керек. Егер қысқа мерзімде ол бір деңгейден өткен болса, онда оқуын тоқтатпайды. Әрі қарай, белгілі бір жетістікке қол жеткізгенше ілімін жалғастырады. Соған қарай, қосымша жалақы төленеді»,-деді ҚР Білім және ғылым министрі, Ерлан САҒАДИЕВ.

Еске салайық, елімізді қамтыған үлкен жоба аясында биыл 1500-ге жуық мұғалім ағылшын тілінде сабақ беруді қолға алған болатын. Білім министрлігінің ақпарына сенсек, білім берудің жаңа бағыты бойынша 12 мыңға жуық ұстаз арнайы даярлық курстарынан өтеді.