Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бағдарламасы 100 жаңа оқулықпен толығады

24.08.2017 10:33

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бағдарламасы 100 жаңа оқулықпен толығады. Ұлттық аударма бюросы шетелдің танымал кітаптарын қазақшаға тәржімалап жатыр. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іске асырылуда. Аударылатын оқулықтардың дені философия, әлеуметтану, психология, экономика, мәдениеттану, дінтану бағытында. Мамандар аталмыш жұмысты атқару барысында шетелдік тәжірибеге жүгінген. Олардың оқулықтарын алып қана қоймай, кітаптың жасалу әдісін, аудару методикасы мен технологияларын қолданып жатыр.

«Осы оқулықтардың құқықтарын алу үшін дүние жүзіндегі ең ірі, ең беделді баспагерлік орталықпен жұмыс істеп отыр. АҚШ, Ұлыбритания, европалық баспа орталықтары. Соның ішінде енді өзімізге жақын және тәжірибесі түсінікті Ресейдегі ірі оқулық аударатын баспалардың тәжірибесін қарап отырмыз», - деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ.

Кітаптарды аударуға 90 адамнан тұратын 17 топ құрылған. Құрамында жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері, тіл мамандары, экономистер мен діни қызметкерлер бар.  Олар әр оқулықты оқырман қауымға барынша түсінікті етіп жеткізуге тырысуда. Биыл 17 оқулық ана тіліне аударылады деп жоспарланып отыр.