Еліміздің Ішкі істер министрі есеп берді

Еліміздің Ішкі істер министрі есеп берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әдеттегідей шенділердің есеп беру кезі басталғаны белгілі. Бұл жолы сын тезінен Ішкі Істер Министрі Қалмұханбет Қасымов өтті. Еліміздің өңір-өңірінен тікелей байланыс орнатылып, аймақтағы мәселелер қаузалды. Атқарылған жұмыс баяндалып, құзырлылардың көңілі толғандай еді. Бірақ, отырысқа жиналған халық тарапы жауапқа қанықпады. Түйіні шешілмеген түйіткілдерді жайып салды. Талай есікті тоздырып, әділеттік іздегендер Министрге тікелей сауалдарын жолдады. Бас сақшының есебін әріптесім Назым Мәлікқызы тыңдап қайтқан еді.

Министр өз ведомствосының әр саласына жеке тоқталып, қорытындыны салыстырмалы түрде пайыздық көрсеткіштермен атап өтті. Ең алдымен Елбасының Астана қаласындағы заңсыз тіркеуге тұру мәселесін шешіпті. Қоғамдық, тұрмыстық қылмыстарға байланысты 170 000 адам профилактикалық тізімге енген. Ақпар бойынша, 93 адам тұрмыстық келеңсіздіктерден көз жұмған. 3000 астам қылмыстық іс жеткіншектер еншісінде. Осы бағытта тәртіп орнату үшін, 1800 ге жуық учаскелік полицей қажет - дейді Министр.

«Жалпы алғанда Республика бойынша біз кез келген қылмыс түрінің ашылуын тәжірибе жүзінде жақсарттық. Қылмыс көлемі 60 пайыздық деңгейден 71 пайызға түсіп отыр. Ал, ауыр деңгейдегі қылмыс 85 пайыздан 95 түсті. Қылмыс жасаушылардың ішінде жеткіншектер аз емес. Соларды бақылауға алу үшін, қосымша жұмыс күші қажет»,- деді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Сонымен қатар, 117 мыңға жуық қылмыс көше әрі көзге таса жерлерде  жиі орын алады. Осыған орай, 41 мыңға жуық аулаға бейнебақылау камералары орнатылған. Құзырлы тарап, биыл жол көлік апаты өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға, ал адам өлімі 22 пайызға төмендегенін айтты. Одан өзге ,жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізген 49 мың жүргізуші куәлігінен айырылған. 1700 жуық арнайы бақылау стансалары арқылы бюджетке 5 млрд теңгеге жуық пайда түсіпті. Десе де  тәртіп сақшылары ұялы телефон, мүлік пен ауыл аймақтағы мал ұрлығын анықтауда әлсіз екендіктерін мойындады.

«Қылмыстық жағдайды дер кезінде анықтау үшін арнайы бейнекамера орнату жүйесі жақсы дамып келеді. Қала аулаларының басым бөлігінде қойылған. Жол көлік оқиғаларын 200 000 жуық патрульдік көлік қадағалап отыр. Сонымен қатар, біз биылдан бастап, қолға ұстайтын радарлардың орнын, автоматтандырылған бақылау құрылғыларына ауыстырып отырмыз. Оған адам күші қажет емес»,- деді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.¤

Министр халық пен журналистердің де сауалына құлақ түрді. Есірткі саудасымен күрес күшейтілсе де, еліткіштердің ғаламтордағы сайтына тосқауыл қойылмаған. Сонымен қатар, туристердің қалтасын қағатын таксистердің мәселесі де тілге тиек етілді.¤

«Ғаламтор желісіндегі сайттар туралы нақты деректер бар ма? Қаланың Ішкі Істер Департаменті мен Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес жүргізетін басқарма айналыссын. Ал, такси жүргізушілеріне қатысты айтарым, шетелдіктің қалтасын

40 000 теңгеге сыпырған азамат бүгінгі таңда жұмысынан босатылды. Ал негізі бұл жағдайды қала мен осы бағытта қызмет істеп отырған мекемелер бақылауына алуы тиіс. Солар жауапты»,- деді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Сонымен қатар, танымал кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиге қатысты  Алматы да өткен арнайы операцияда сөз болды. Құзырлылардың назарына іліккен зауыт иесі жақында «ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы» деген күдікпен құрықталған болатын. Бірақ, Ішкі Істер Министрлігі бүгінгі есебінде тек тергеу амалдарының басталғанын ғана атап өтті.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» арнасы Астанадан



Новости партнеров