Еліміздің кедендік бақылау қызметтеріндегі кедергілер жойылмақ. Оның ішінде, қағазбастылық, құжат рәсімдеу уақыты қысқарады. Бұл жөнінде кәсіпкерлерден түсетін шағым көп. Қаржы министрлігі айтылған олқылықты жою мақсатында жоспардағы жұмысын баяндады. Былтыр, кедендік рәсімдерді жеңілдету, сыртқы экономикалық қызмет мүшелеріне, орта және шағын бизнес өкілдерінің оңтайлы жұмыс жасауына жағдай жасау қолға алыныпты. Нәтижесінде, елге транзитпен өткен көлік саны 2015 жылға қарағанда 13 пайызға артыпты. Ал, өткен жылы салықтан түскен кіріс көлемі бір триллионнан асқан. Алайда, кедендік рәсімдеу мен бақылау процестері әлі бір жүйеге түспей отырған көрінеді.
«Егер біреу жұмысты 5 минутта бітірсе, мен бір күн жүруім мүмкін. Нәтижесі бір. Осыған орай, Үкіметтің қатаң тапсырмасы бар. Біз Біріккен Ұлттар ұйымымен өткен жылдың соңында келісім-шартқа отырған болатынбыз. Яғни, бір терезе жүйесін түбегейлі орнату жоспарланды. Барлық жұмыс автоматтандырылған қалыпта іске асатын болады»,- деді ҚР қаржы министрлігі МКК төрағасының орынбасары, Ғұсман ӘМРИН.
Кірістер комитетінің басшылығы алдағы уақытта кедендік және салықтық қызметтерді реттейтін электрондық форматтағы «Астана-1» ақпараттық жүйесі құрылады деді. Әзірге пилоттық жоба еліміздің барлық аймақтарында сыналып жатыр. Егер, жоба жемісін берсе, бір терезе жүйесі арқылы өтетіндіктен сауда-саттық ашық болмақ. Айта кетейік, жобаға салықтық төлемдерді тездету үшін 20-ға жуық банк тартылған.