Қазақстанға алғаш рет Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев мемлекеттік іс-сапармен келді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында бірнеше келісімге қол жеткізілді. Кездесу барысында Елбасы екі ел арасында шешімі табылмаған мәселенің жоқтығын баса айтты. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Өзбекстанның жаңа президенті сайланғалы бері 5 ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқанын да мәлімдеді. Ал қандай уағдаластыққа қол жеткізгеніміз туралы толығырақ елордалық тілшіміз Азамат Әуезхан тарқатып айтады.
¤Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға мемлекеттік іс-сапармен келді. Бұл өзбек елі басшысының елімізге алғаш келуі. Кездесу барысында екі тарап стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында 7 келісімге қол қойды.¤
Өзбекстаннан келген делегаттарды сән салтанатпен қарсы алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, көрші мемлекеттің ел саясатында алар орны ерекше деп атап өтті. Өзбекстанды Ислам Каримов басқарған тұста да арақатынас жаман емес еді. Енді Жаңа президент ретінде қазақ еліне алғаш сапар жасаған Мирзиеев пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуды көздейтінін мәлімдеді.¤
«Бүгінде Өзбекстанда миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Ал 500 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілдері Қазақстанды өз үйіндей көреді. Өзбек басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында және сауда, транпорт-логистика салаларында қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан Орта Азия мүддесін және Ауғаныстандағы жағдайды шешуде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Шавкат Мирзиеевтің алғаш жасаған мемлекеттік іс-сапары барысында 7 уағдаластыққа қол жеткізілді. бауырлас елдің басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мен нығайту декларациясына қол қойды»,- деді Өзбекстан Республикасының президенті, Шавкат МИРЗИЁЕВ.
Бұдан бөлек, екі ел Үкіметі аймақтық келісімге келді. Экономикалық серіктестік стратегиясы және мүлік пен кіріске төленетін салықтарды қадағалау протоколына қол жеткізді. 2006 жылы қабылданған халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе, екі мемлекеттің сыртқы істер министрлігі 2017-2018 жылдарға арналған серіктестік бағдарламасын қабылдады. Ал Өзбекстан мен Қазақстанның Ата заңдарының негізінде әскери серіктестік туралы меморандумда қауіпсіздік мәселесі алдыңғы шепке қойылып отыр. Келелі басқосу аяғында Өзбек елінің басшысы Шавкат Мирзиеев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жақын арада Өзбекстанға сапарлап келуге шақырды.
Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан