Алматы облысында салығын төлемегендердің қымбат көлігі сатылымға қойылады

Алматы облысында салығын төлемегендердің қымбат көлігі сатылымға қойылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында көлік салығын төлемеген байлардың көліктері жаппай тәркіленіп жатыр. Сот орындаушыларының сот үкіміне селқос қарайтындарға мұндай қатаң жаза қолданбасқа амалы қалмаған. Өйткені, темір тұлпар салығын өтемеген облыстағы борышкерлердің қарызы 2 млрд теңгеге жуықтаған. Оның 87 миллионға жуығы –  Талғар ауданындағы жеке тұлғалардың берешегі.

Сот орындаушылары талайдан бері соңынан таппай жүрген мына темір тұлпар иесін бүгін полицейлер тоқтатты. Борышкер 2 жылдан бері салықшыларды зар қақсатып, мемлекет алдындағы берешегін бермеген. Осы аралықта қымбат көлігінің салығы күн санап өсіп, 590 мыңға бір-ақ жетіпті.

Салығын төлемей жүрген бұл азаматтан: «Не себепті салық төлемей жүрсіз?» деп сұраған тілшілер сауалына ол: «Қазір уақытым жоқ, әрқашан жұмыста боламын, әйтпесе төлейін-ақ деп жүрген едім, салық төлейтін жағдайым жоқ емес, бар» деп жауап берді.

Уақытының жоқтығын сылтау етіп, салықтан жалтарған азаматқа тиісті орган өкілдері қарызынан дереу құтылмаса, шекара асып, шет елге де шыға алмайтынын тағы есіне салды. Өз кінәсін түсінген борышкер көлігін тәркілемеуді өтінді. Тіпті, жылдар бойы өтемеген берешегінің бір тиынын қалдырмай бүгін кешке дейін төлеуге сөз берді. Бірақ салықты уақытында төлеуді ұмытқан азаматқа сот орындаушылары сенуден қалса керек, көп созып жатпастан, көлікті мәжбүрлі түрде айып тұрағына алып кетті.

Тал түсте үйіне сау ете қалған салықшыларды көрген мына бір азаматтың төбесінен жай түскендей. Шақырусыз келген қонақтарды күтпесе керек, борышкер камерадан жасқана бастады. Бірақ сот орындаушылары қарызын есіне салғаны сол еді бірден сабасына түсіп, берешегін өтеуге уәде етті. Жас жігіттің салық органына қарызы 400 мың теңгеге жеткен екен. Алайда, талай ескертуге қарамастан оны өтеуге асықпаған. Оңтайлы сәтті ұзақ күткен сот орындаушылары бүгін темір тұлпарды тура үйінің алдынан алып кетті.

«2016 жылдан бері жұмыс істемей жүрмін, салық төлеуге ақшам болған жоқ. Негізі, көлік менің атымда болғанымен, салығын төлеуге жағдайым болмады. Сол үшін төлемедім», – деп жауап берді бұл азамат.

Сот үкіміне селқос қарағандар көліктері тәркіленгенде ғана бармақ тістеп қалды. Борышкерлер жылдар бойы елемеген ескертуге бірден құлақ асып, қарызынан құтылудың қамына кірісетін көрінеді. Әйтпесе, сот орындаушыларының айып тұрағына жөнелткен көлікті 10 күннен соң аукционға шығарып саудалауға құзыры бар. Арнайы электронды база арқылы сатылымға шыққан көлік қымбатқа бағаланса, борышкердің қарызы сол ақшадан толық өтеледі. Ал қалған бөлігі иесінің қолына қайтарылады.

«Сатылымның тәртібі бар. Яғни, ағылшын әдісі және Голландия тәсілі деген бар. Ағылшын тәсілі жоғары бағаланған мүлікті одан жоғары қарай сатып алу. Ал Голландия тәсілі – төмен қарай 50 пайызға дейінгі сатылым дейді. Егер борышкер қарыздарын төлемеген жағдайда, оның мүлкі арзанға сатылып кетуі мүмкін. Бұл шара борышкерлер үшін ыңғайсыз. Өйткені, өзі қарыз бола тұрып, мүлкі төменгі бағаға сатылса, жарты қарызы тағы қалып қалуы мүмкін», – деді Алматы облысы жеке сот орындаушысы Дулат ЕРЕНБАЕВ.

Бүгінде Талғар ауданы бойынша 6 мыңнан астам жеке тұлға көлік салығын төлемеген. Олардың қазынаға қарызы 87 миллион теңгеден асып отыр. Салықтан жалтаратындардың дені қозғалтқыш көлемі үлкен темір тұлпар тақымдайтын «байлар» екен. Борышкерлер берешегін өтемеуін түрлі сылтаумен байланыстыратын көрінеді. Сөйтіп жүріп, кей тұрғындардың қарызы 4 млн теңгеге бірақ жетіпті.

«Талғар ауданының тұрғыны, Жанпейісов деген азаматтың бүгінгі күнде 4,5 млн теңгеге жуық қарызы бар. Қазір оның барлық мүлкіне шектеу қойылған. Бірақ шеттеу қойылғанымен, оның еш мүлкі жоқ. Шетелге шықпауға да шектеу қойылған. Бірақ сот орындаушылар одан салық өндіре алмай отыр, өйткені оның атында ешқандай жылжымайтын мүлкі жоқ», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жанат БҮРКІТОВ.

Сот орындаушылары борышкердің берешегін өндіргені үшін салықтан жалтарғандардан 25 пайызға дейін еңбекақы алады. Ол берешек көлеміне байланысты өндіріледі. Сондықтан тиісті орган өкілдері салықты кешіктірмей төлеуді сұрап отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров