Ертістегі жарылыстың кесірінен Семейдегі үйлердің терезелері шағылған

31.03.2018 01:30

Семейде Ертіс өзенінің мұзын жарып ерітеміз дегендер маңайдағы үйлерге зиян келтірген. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, тұрғындардың терезелері шағылып кетіпті. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. Төтеншеліктердің сөзінше, сірескен мұзды жармасқа амал жоқ. Олай болмаған жағдайда, Ертіс суы көтеріліп, үйлерді су алуы әбден мүмкін екен.

«Барлық тұрғындардың шығыны төленетін болады. Шағылған терезелер қалпына толықтай келтіріледі. Қазір 2 мердігер компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Немесе кімнің жағдайы келеді, сол терезені өз қаражатына салдырса болады. Кейін бізге түбіртекті көрсетсе, ақша беретін боламыз», - деді Семей қаласы Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Амантай ӨТЕЛБАЕВ.

Осы күні Семейде 140 үй мен 600-ге тарта жер үйлерді су басқан. Қазір тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 250 адам қонақ үйге жайғастырылды. Оларға тегін тамақты жергілікті билік қамтамасыз етуде.