Алматыда екі жедел жәрдем станциясы салынады. Медициналық мекемелердің құрылысы Түрксіб пен Наурызбай аудандарында басталады. Одан бөлек, "Ақжар" шағын ауданында ауысымына 500 адамды қабылдай алатын емхананың іргетасы қаланбақ. Қалалық психикалық сауықтыру орталығына 150 төсек-орынға жапсарсай салынып, медициналық нысандарына сейсмикалық күшейту жасалынады. Биыл денсаулық сақтау саласына жылдағыдан ерекше көңіл бөліп отыр. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Алматыда денсаулық сақтау саласында жеткен жетістік көп. Бүгінде қала тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 75 жастан асып, Еуропа елдерінің деңгейіне жеткен. 2015-ші жылы бұл көрсеткіш 70 жасты құраған. Өлім-жітім саны азайып, 1000 адамға шаққандағы көрсеткіш 17,52 пайызға артыпты. Биыл 1000 шақалаққа шаққандағы бала өлімі бар болғаны 7,2 пайызды құраған. 2016-шы жылы денсаулық сақтау саласына 92 млрд теңге бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға артық. Оған қоса, медициналық құрылғылар 9 есеге көп сатып алынған. Жалпы медициналық орталықтардың жабдықталуы шамамен 80 пайызды құрайды. Биыл да осы қарқын сақталмақ.
«Денсаулық сақтау саласын қосымша қаржыландыру мақсатында 8,7 млрд теңге бөлінді. Медициналық мекемелер құны 2,8 млрд теңге тұратын 376 жаңа құрылғылармен толығады. Және тағы 5 емханаға 76 млн теңге тұратын жаңа лифтілермен жабдықталады. Одан бөлек, Түрксіб ауданында жаңа психоневрологиялық интернаттың құрылысына 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл дегеніміз, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер арнайы медициналық көмекке оңай қол жеткізе алады деген сөз»,-деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Онкологиялық орталық та сәулелі терапиямен емдеу үшін заманауи құрылғымен жабдықталған. Сондай-ақ, биыл Наурызбай ауданында 500 адамға арналған емхананың және Алатау ауданында мәйітхананың құрылысы басталмақ. Одан өзге, 9 нысанның сейсмологиялық тұрақтылығын қатайту мақсатында 2,5 есе артық қаржы бөлінген. Ағымдағы жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де кезең-кезеңімен енгізілмек. Ол орталықтар мен қызметтердің сапасын көтеру мен бәсекелестікті арттыруға септігін тигізеді. Алматыдағы медициналық қызметті 28-ші Қысқы Универсиадаға келген шетелдік қонақтар да бағалапты.
«Универсиада өткеннен кейін осы ауруханаға түскен науқастар олардың қасында жүрген адамдар жоғары баға берді. Ол негізінен тек Алматы қаласы емес, республикадағы медициналық емнің жоғарғы дәрежедегі екендігін көрсетті. Және қазіргі уақытта медициналық ұйымдар медициналық жабдықтармен әрі қарай жабдықталу жүргізіліп жатыр»,- деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, Нұржан ИСАБЕКОВ.
Сондай-ақ, бірегей ақпараттық "Көмек 103" бағдарламасы енгізілген. 2016-шы жылы 50 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Анықтамалық сипаттағы шағымдарға қысқа мерзімде жауап беріліп, науқастардың мәселелері дер кезінде шешіліпті. Осы қарқын биыл да жалғасын табады деп отыр дәрігерлер.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы