Алматылық қолөнер шеберлері ЭКСПО кезінде этно ауыл тікпек

12.05.2017 15:28

Алматылық қолөнер шеберлері ЭКСПО кезінде этно ауыл тікпек. Дүниенің әр тарапынан келетін туристер назарына қазақы құндылықтарды молынан ұсыну үшін  қазір шеберлер күндіз-түні тынбай дайындалып жатыр. Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласы да шеберлер жұмысының жандануына жол ашыпты.

Ағаштан түйін түюді бала кезден жаны сүйетін Болатбек астау, ағаш кесе, күбі сынды әдемі, әрі экологиялық заттарды жасайды. Мүсінші мамандығын бітірген жігіт бес, алты жылдан бері осы кәсіп арқылы  нәпақасын тауып отыр. Атақты шебер Нәби Досекеден түйін түюдің талай қырын меңгерген мүсінші алдағы уақытта ұлттық нақышта қазақ үйлерді жасамақ. Тіптен құны қымбат болсада  қытайдан станоктар әкеліп қойған.  

«Елбасының ұлт жаңғыру туралы мақаласы бізге серпін береді. Бізге шеберлерге шабыт береді. Өзіміз жасайтын ағаш ыдыстарға, астауларға немесе қымыз наборларға сұраныс жақсы»,- деді Шебер, Болатбек МҰРАТОВ.  

Ал еліміздің әр өңірінде тарыдай шашылған шеберлердің басын қосқан ұлт жанашыры Салтанат Өмірәліқызы бағзы бабалардан қалған құндылықтарды  әлемдік нарыққа шығаруға ниетті. Алматылық кәсіпкер ЭКСПО кезіндегі  этно ауылға 20 шақты шеберлерді  апарып, туристерге тұрмыстағы  тамаша дүниелерді көрсетуге талпынып жатыр.

«Көп уақыттан бері ЭКСПО-ға дайындалып жатырмыз. Бұл бізге қазақ еліне келген бір ұлы той. Барымызды саламыз. Осы Алматы көлемінде жиырмадан аса шебер қатысады. Германия, Туркия, Дубай қатарлы жерлердің барлығында біз кең көлемде көрме  ұйымдастырып отырдық. Бұл көрмелерде сол адамдардың барлығы қазақтың  ұлттық өніміне деген сұранысы өте жоғары болып отырды»,- деді Ұлт жанашыры, Салтанат ӨМІРӘЛІҚЫЗЫ. 

Шеберлердің жалға алған цехтағы жұпыны жұмысына қарап олардың ұлтқа деген жанашыр, елге деген сүйіспеншілігін сезу қиын емес. Табысынан бұрын төзімділікті талап ететін осынау тасада қалған өнердің өрлеуі үшін аса қолдау да қажет. Қаржылай демеу жасалып, жұмыс жасауға тиімді орын берсе ұлттық дүниелердің таралымы мен танылымы тереңге кетер еді дейді ұсталар. Әзірге қиындығына қарамай қимылдап жатқан шеберлер Елбасының рухани жаңғыру туралы түйінді сөзінен соң көз қызықтырар құнды заттардымыздың жалпы ұлттық қолданысқа кіреріне күмән келтірмейді.

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан  Оразбеков, «Алматы» телеарнасы     



Теги: этноаул