Алматыда велосипедпен жүру одан әрі ыңғайлы болмақ. Жол ережесіне енгізілген өзгерісте велосипедшілерге автобус жолағымен жүруге рұқсат етілген. Сонымен қатар, 14 жасқа дейінгі балалар тратуармен жүйітки алады.
Әділбек Балтабаев осыдан 12 жыл бұрын қос дөңгелекті көлікке көшкен. Айтуынша, қалада көлік көбейіп, кептеліс басталғанда велосипедке отырған. Содан бері жұмысқа қос дөңгелекті көлікпен келеді.
«Жаңа өзгертілген заңды мен қазір оқып жатырмын. Велосипедшілерге мұндай өзгерісті баяғыда жасау керек еді. Жалпы, қалада қазір қос дөңгелекті көлікпен жүру ыңғайлы боп қалды. Арнайы жолақтар, көп көмегін тигізуде. Менің ойымша, алдағы уақытта Алматыда барлығы осы көлік түріне көшетін сияқты»,- деді Әділбек БАЛТАБАЕВ.
Еуропа елдерінде велосипедті жиі қолданады. Мәселен, Копенгагенде 60-70 пайыз адамдар жұмысқа осы көлік түрімен қатынайды. «Вело Алматы» қоғамдық бірлестігі мүшесінің сөзінше, заңның күшіне еңгені дұрыс болыпты. Өйткені, жол апаты кезінде, велосипедшілер өз құқығын толық қорғайды дейді.
«Мына, жаңадан еңген заңдар ТМД елдерінің стандарттарымен сәйкес келеді. Мәселен, Ресейде велосипедшілерге арнайы жолақпен жүруге рұқсат етілген. 9 жасқа дейін тратуармен жүреді, 14 жасқа дейінгілері веложолақпен, одан үлкендері мен айтып өткендей автобус жолағымен. Сондықтан, менің ойымша біздің қала осы тұрғыда дұрыс дамып келеді»,-деді «Вело Алматы» қоғамдық бірлестіктің мүшесі, Тимур ЖҰРҚАШЕВ.
Биыл Алматыда 21 шақырым веложолдар салыныпты. Сөйтіп, жалпы ұзындығы 68 шақырымға ұзарған. Ал, автобус жолағы 95 шақырымды алып жатыр. Алдағы уақытта 13 км қосу жоспарлануда.
«Велокоридор деп айтамыз, орбитадан көкбазарға дейін веложолдар салынды. Мына Торайғыров, Каблуков және Өтепов көшелерімен Байтұрсыновпен жолдар салынған болатын. Алдағы уақытта мына жол инфраструктурасын және веложолдарды дамыту бойынша пландап жатырмыз. Әзірге нақты белгісіз, ол жылдың басында белгілі болады»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, Айдын ТОЙБАЗАРОВ.
Жалпы, Алматы тұрғындарының 45 пайызында велосипед бар екен. Соның ішінде 4-5 пайызы тұрақты түрде аталған көлік түрін пайдаланады. Бұл көрсеткіш әлі өсуі әбден мүмкін. Өзгерген заңмен қоса, қалада велосипедшілерге жүйелі түрде жағдай жасалуда. Алматыда іске асырылып жатқан жобалардың дені жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған. Мұндай бағдарламалар экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартымен сәйкес келеді.