Алматыда түркі халықтарының өнерпаздары бас қосады

Алматыда түркі халықтарының өнерпаздары бас қосады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген түркі халықтарының өнерпаздары Алматыда бас қоспақ. Қала күні қарсаңында «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп, «Алатау алабында» атты халықаралық дәстүрлі өнер фестивалін ұйымдастырады.

Елімізде алғаш рет өткелі жатқан шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Татарстан, Таулы Алтай, Хакасия және Тыва сынды 11 елден келген 16 өнерпаз қатысуға ниет білдірген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль – түркі елдерін жақындастырып қана қоймай, қазақ даласындағы дәстүрлі өнерді өзге түркі елдерімен салыстырмалы түрде көруге мүмкіндік береді.  

«Қазақстаннан Маңғыстау өңірінің, Батыс Атырау өңірінің, Сыр бойының, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың, Арқа дәстүрі және Шығыс Қазақстанның Алтай қазақтары өңірлерінің ән-күй жырлары айтылады деп жоспарланып отыр.  Бұлардың ішінде инструменталдық жанр – күйлер де бар, ән де бар, сондай-ақ, Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрінің ән мақамдарынан да көріністер көруге болады», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, фольклортанушы Берік ЖҮСІПОВ.

Фестиваль қатысушылары 19 қыркүйекте сағат 17.00-ден бастап Панфилов көшесін бойлай шеру өткізеді. Содан соң Арбатқа барып, дәстүрлі әннен шашу шашпақ. Ал қыркүйектің 20-сы күні жан-жақтан келген өнер майталмандары шеберлік сыныптарын жүргізеді. Ал сағат 18:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының концерт залында барлық өнерпаздың қатысуымен негізгі ән мен жыр кеші басталады. Атадан қалған дәстүрді дүйім жұртқа дәріптеп жүрген дүлдүлдеріміз фестивальге сақадай сай.  

«Мен өзім Сыр бойының жыраулық-жыршылық өнерін сахнада көрсетпектін. Яғни, Сырдың бойындағы Оғыз кезеңінен бері қарай жол тартқан үлкен жыраулық өнер – көмеймен айту дәстүрі сақталған. Көмеймен айту – түркі халықтарының бәріне ортақ деуге болады. Мен өзім «Көрұғлы» жырынан үзінді орындамақпын. Бұл жыр біздің түркі бауырларды біріктіретін, мәдениетін біріктіретін бірден-бір эпос болып саналады», – деді жыршы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.  



Новости партнеров