FAMILY FEST: алматылықтар йогамен айналысып, дәрігерлерден тегін кеңес алды

10.09.2018 22:00

Алматының әр аймағында келер айға дейін 60-тан астам жаңа арт-нысан бой көтереді. Қазірдің өзінде Есентай өзенінің маңындағы саябақта жаңа өнер нысандары пайда болды. Шағын архитектуралық мүсіншелер тұңғыш Халықаралық Парк фестивалінде орнатылған. Ал қаланың «Астана алаңында» жаттығу құрылғыларын қойып, халықтың денсаулығын нығайтуға арналған шара өтті.

Қала тұрғындары жиі жиналып тынығатын Астана алаңы құдды бір спорт залына айналғандай. Мұнда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін түрлі жаттығулар жасап, демалыс күндері дене шынықтырды. Отбасылық FAMILY FEST шарасы аясында балалар ән айтып, би билесе, ересектер йогамен айналысты. Артынша, сауықтыру массажына барды.

Ал саябақтың өзге бөлігінде қала тұрғындарының денсаулығын қарауға 30-дан астам дәрігер жұмылдырылды. Ақ халаттылар басы ауырып, балтыры сыздағандарға тегін кеңес берді.

«Салауатты өмір салтын ұстанатын халық саны артып келеді. Тұрғындар адам ағзасына пайдалы тағамдар туралы ақпарат білгісі келеді. Қазір олар терапевт, кардиолог және эндокринолог дәрігерлерінің кеңесіне көптеп жүгініп жатыр», – дейд Алматы қалалық №8 емхананың бас дәрігері Фарида АҒЫБАЕВА.

Отбасы фестиваліне келушілердің көңілдері көтеріңкі, расымен де, салауатты өмір салтын ұстануға құштар екені көрініп тұр.

Фестиваль келушілерін сөзге тартқанымызда: «Жаттығу жасадық, мұның маңызы денсаулық үшін өте зор. Денсаулықты күтіп ұстайық», деп бірі ағынан жарылса, енді бірі: «Жанұялық фестивальге немереммен бірге келгем, көңіл көтердік. Өте жақсы, осындай жиі болып тұрса деген тілек бар», – деп ризалық білдірді. «Қалада мұндай ойындар болған жоқ. Соның ішінде, жас балаларға, сәбиге және біз сияқты қартаң адамдарға да сыртынан тамашалаған қызық болып тұр», дейді фестивальге келген тағы бір алматылық тұрғын.

Дәл осындай мәдени пикник Есентай өзені жағалауындағы саябақта өтті. Онда интерактивті арт-нысандар орнатылып, тұрғындардың тынығуына бар жағдай жасалды. Пикник кезінде қазақстандық және шетелдік мүсіншілер мен суретшілер жиналып, арнайы плэнер өткізді.

«Біз Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен үш суретші-мүсіншіні шақырдық. Олар 14 күн ішінде ерекше мүсіндер жасайды. Мүсіннің біреуін осы саябақта қалдырсақ, қалған екеуін қаланың өзге аумақтарына орнатамыз», – дейді «Park Fest» шарасын ұйымдастырушы Ольга СУЛТАНОВА.

Жалпы, Алматының әр аймағында 30 қыркүйекке дейін 60-тан астам жаңа арт-нысан бой көтереді. Олар қаланы құлпырта түседі дейді ұйымдастырушылар. Айта кетсек, қос шара қала күнін тойлау аясында өткізілді.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Ильясов, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы