Ереван метросында Астананың суреттері пайда болды

05.07.2018 20:05

Ереван қаласының метросында «Әлем астаналары: Астанадан Ереванға» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Көрме Астананың 20 жылдығына және Армения астанасына 2800 жыл толуына орай ашылды. Онда «ҚазАқпарат» ХАА-дан, ҚР Сыртқы істер министрлігінің архивінен және Ұлттық мұрағаттан алынған суреттер қойылған.

«Жастар», «Республика алаңы», «Маршала Баграмяна» стансаларында Қазақстан астанасының ғимараттарынан құралған 100 фотосурет тұрғындар назарына ұсынылды. Олардың ішінде «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», «Әзірет Сұлтан» мешіті сынды қаланың көрікті жерлері көрсетілген. Сондай-ақ, көрмеде «Арменпресс» ақпарат агенттігі ұсынған Армения астанасы Ереванның тарихи және мұрағаттан алынған ерекше суреттері бейнеленді.


«Біз көрмеге қою үшін көптеген суреттердің ішінен үздіктерін мұқият таңдадық. Қазақстан астанасының ең көрікті жерлерін беруге тырыстық. Көрме негізгі үш кезеңнен тұрады. Оның біріншісі - заманауи, екіншісі - тарихи және үшіншісі қала тұрғындарына арналды», - деді Армениядағы ҚР елшісі Тимур Оразаев.

Фотокөрменің салтанатты ашылу рәсіміне Арменияның мәдениет министрі Л. Макунц, Арменияның депутаттық корпусының, билігінің өкілдері, Ереванның мэриясы және шетелдік миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Көрме 10 шілдеге дейін жалғасады.