Франция - чемпион, ал Париж зор қуаныштан астаң-кестең болып жатыр. Ала доп ойнаудан алдарына жан салмаған Франция командасының жеңісін тойлаған жанкүйерлер тәртіпке бағынбай кеткендіктен, тіпті Париж полицейлерінің араласуына тура келген. Қуаныштары қойындарына сыймаған фанаттардың эмоциясы көл-көсір.
Мәскеудің ресми фан аймағында футболдан әлем чемпионатының финалын тамашалауға 40 мыңнан аса адам жиналған. Франция және Хорватия командалары бұл жолы қызыққа толы, ерекше ойын көрсетті. Кездесудің қорытындысы бойынша, Дидье Дешамның қоластындағылар 4:2 есебімен жеңіске жетті. Есте болса, олар осыдан тура 20 жыл, яғни 1998 жылы чемпион атанған енді. Ол кезде Франция елінің командасы 3:0 есебімен бразиялықтарды тізе бүктірген болатын. Ал жанкүйерлер ресейліктердің чемпионат өткізгендеріне қуанып, алғыстарын білдірді.
«Бұл өте керемет матч болды. Екі командаға да қиынға соқты, бірақ мықтысы жеңіске жетті. Хорватия командасын мақтағым келеді. Олар бұл жолғы чемпионатта шынымен мықты ойын көрсетті. Сондай-ақ, тамаша әлем чемпионатын өткізгені үшін Ресейді де құттықтаймын», – дейді Париж қаласының тұрғыны.
«Олар бүгін соңына дейін күресті. Бірақ Францияға сәттілік серік болды. Хорватияның командасымен мақтанамыз. Қандай есеп болса да, олар біз үшін жеңімпаздар. 100 пайызға беріліп ойнады», – деп жауап берді Париж қаласының тұрғыны.
Жеңіс құрметіне Париждің көрікті жерлері Франция туының түсімен жарқырады. Францияның астанасында да барлығы шын қуанды. Түні бойы жанкүйерлер айғайлап, отшашу атып, би биледі. Ал, Елисей аймағындағы шектен тыс қуаныштың соңы тәртіпсіздік пен полицейлерга бағынбаумен аяқталды. Фанаттар тәртіп сақшыларына тас және өзге де қатты заттар лақтырған. Агрессияға толы жанкүйерлерді тыныштандыру үшін көзді ашытатын газ қолдануға тура келген екен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тек дүкендердің терезесі сынып, түсірілім тобының құрылғыларына зақым келген.
Үшінші орынды Бельгия құрамасы қанжығаға байлады. Олар өткен сенбі күні 2:0 есебімен Англия құрамасын жеңген болатын. Келесі әлем чемпионаты 2022-ші жылы Катарда өтетін болды.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы