Әлемді велосипедпен аралап жүрген француз Қазақстанға ат басын бұрды

10.08.2018 23:28

«The Sun Trip» атты веломарафонға қатысушы, француз Поль Бодри Алматыға келді. Ол 2 айға созылған саяхат кезінде 12 мың шақырымды еңсеріп, кем дегенде, 10 елге барады.


Француз азаматының айтуынша, өзге 30 шақты қатысушымен бірге биылғы сапарды Францияның Лион қаласынан бастап, Қытайдың Гуанчжоу қаласында аяқтауы тиіс. Тек мәреге дейін әркім өзі қалаған елдердің аумағымен жүріп өтеді екен. Сондықтан ол өз достарынан бөлектеніп, Қазақстанның біраз қалаларын аралауды жөн көріпті.

Әлемді кезіп жүрген француз алдымен Словения, Украина, кейін Ресей арқылы Оралға келген. Содан соң еліміздің бірнеше қаласын аралапты. Енді алда оны 3 мың шақырымды құрайтын Алматы – Қытай бағыты күтіп тұр.

«Маған әсіресе Оралдан Алматыға жету қиынға соқты. Ұзақ жол, оның үстіне ауа-райының қолайсыздығын қосыңыз. Өйткені, екі қаланың арасы 3 мың километрді құрайды. Алдағы бағыт та сондай қиын болайын деп тұр. Өйткені, Алматы – Гуанчжоу арасы да сол шамамен бірдей. Сапарға шығу әрине оңай емес. Алдымыздан түрлі қиындықтар шығады. Маған Қазақстан ұнады. Қуатын күннен алатын велосипед осындай ұзақ сапарда ыңғайлы», – дейді саяхатшы (Франция) Поль БОДРИ.

Күннен қуат алатын электрлі велосипедпен әлем кезіп жүрген Поль Бодри 56 жаста. Жиһанкездердің ең жасы 24-те болса, үлкені жетпісті алқымдаған. Айта кетейік, бұл ауқымы үлкен үшінші веломарафон. Марафонға қатысушылар бұған дейін 2013 жылы Францияның Савой және Қазақстанның Астана қалалары арасындағы 8 мың шақырымды еңсерген. Ал 2015 жылы 7 мың шақырымды құрайтын Франция – Түркия бағытын бағындырыпты. Ұйымдастырушылар биылғы марафонды Ұлы Жібек жолына арнаған.


Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы