Белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ресейде өтіп жатқан "Жас толқын" байқауына шақырту алды. Алайда қатысушы ретінде емес, құрметті қонақ ретінде шақырылды, деп хабарлайды Sputnik.
Отандасымыз аталған байқаудың ашылу салтанатында А-studio тобының «Грешная любовь» атты хит әнін орындады.
«Жас толқын» байқауының қонағы болып, Ресейге табан тіредік. Байқау басталды. Енді байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетемін. Барша көрерменге үлкен рахмет. Сочиге келгелі әуежайда тамаша концерт қойып, дәм-тұзбен күтіп алған көрермендерімнен айналдым. Құрметтеріңізге үлкен алғыс», — деді әнші.
Димаштың өнеріне тәнті болған белгілі композитор Игорь Крутой мен әнші Ани Лорак, залдағы көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Ал фанаттары Димаштың құшағын гүлге толтырды. Бұл жолы да жүргізуші «Николай Басков мұны көрсе, жүрек талмасы ұстап қала ма деп қорқамын» деп әзілдеді.
Ресейлік танымал әнші Филипп Киркоров та Димаш Құдайбергеннің талантын ерекше бағалаған. Бұл туралы «Муз-ТВ» телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров инстаграмдағы парақшасында жазды. Оның жазбасының астына пікір қалдырған белгілі ресейлік әнші Николай Басков «Керемет!» деп тамсанған.
«Бүгін «Жас толқын» байқауында әйтеуір дегенде Димаш Құдайбергенмен таныстым. Бұл жігіт өте талантты және Қазақстан мен Қытайда ерекше танымалдылыққа ие! Бүгін «А-studio» әнімен ресейлік тыңдармандарды таң-тамаша еткен жайы бар. Тіпті, эстрада королі Киркоровтың өзі Димаштың табыстылығын лайық деңгейде бағалады», — деді ол.