Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Францияның ұлттық павильоны таныстырылды. Жергілікті тілшілер үшін өткізілген баспасөз мәслихатында Франция павильонының Бас комиссары Паскаль Лоро оның жалпы тұжырымдамасы жайында айтып берді. Франция павильоны 1084 шаршы метрді құрайды және ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен павильондардың бірі. Оның өзі «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Экологиялық көлік» деген тақырыптарға бөлінген. Келушілерге «жасыл энергетика» саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Бөліктер галерея арқылы қосылған, мұнда әлем өркениетінің дамуына үлестерін қосқан Францияның көрнекті қайраткерлері мен ғалымдары таныстырылады.¤
«Бұл көрмені ұйымдастырудағы біздің мемлекеттің мақсаты - технологиялық жетістіктер саласында еліміздегі жаңашылдықтарды, артықшылықтарды, үлкен, орташа және тіпті, кішігірім кәсіпорындарымыздың жақсы нәтижелерін әлемге паш ету. Біздің ел бұл бағытта ең бір инновациялық жобаларды ұсынуда. 2015 жылдың тамыз айында Франция энергетикалық ауысымға өту туралы заң қабылдады. Павильондарда біз 3 негізгі тақырыптар бойынша көрме ұсынамыз, ол - «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Экологиялық көлік»,- деді Франция павильонының бас комиссары (Франция), Паскаль ЛОРО.
ЭКСПО-2017 көрмесіне тұп-тура 18 күн қалды. Халықаралық көрме Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтпек. Оның аумағы 25 гектарды алып жатыр. Көрмеге әлемнің 100-ден астам мемлекеті және халықаралық ұйымдар қатысады.