Биыл алматылықтар көгілдір отынмен түгелдей қамтамасыз етіледі

Биыл алматылықтар көгілдір отынмен түгелдей қамтамасыз етіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көгілдір отынға қол жеткіземін деп, заңсыз жұмыс істейтін мердігер компанияның қақпанына түсіп қалмаңыз. Компаниядан көңілі қалып, алдандық деген алматылықтар үйлеріне газ тартып қостыруға қарсы болған. Әйтсе де, алып шаһардың экологиялық мәселесін жақсарту мақсатында бұқара базынасы ретімен шешіліп келеді.

Биылдан қалмай Алматылықтар толығымен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.  Бұл шаһар басшысы Бауыржан Байбектің тікелей өзі қолға алған мәселе. Көмір жағып жылынып келген алматылықтар мен қала іргесіндегі елді-мекен тұрғындары  бұл бастамаға қуана келіскен еді. Әйтсе де, арадағы кейбір мердігер мекемелер, халықтың қаржысын жинап қалтаға басып, өз жұмыстарын толық атқармаған. Ал ақшасыз әрі жылусыз қалған тұрғындарды тығырықтан «Қазтрансгаз-аймақ» компаниясының Алматыдағы өндірістік филиалы шығаруға кірісіпті.  

«Қоянқұс» елді мекенінде халық ақша жинап, мердігер компаниямен шарт жасасқан. Мердігер компания өзінің міндеттерін орындамағандықтан, орындағысы келемегендіктен, газ құбырын заңсыз өзі қосты. Қазіргі жағдайда біз халықпен сөйлесіп, тиісті абонеттерді газға қосып жатырмыз», – дейді «Қазтрансгаз-аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Бахтияр ІЗБАСАРОВ.

Мергідер мекеме «Қоянқұс» елді мекенінде бас-аяғы 80 үйді заңсыз газға қосқан. Олқылық анықталған соң, тұрғындар газдан ажыратылып, қазір қайта қосу процесі жүргізілуде. Ал Алматы мен қалаға енді қосылған аудандарда 6 мың үйге әлі көгілдір отын жеткізілмепті. Оның 2 мыңы түрлі себептерді алға тартып, көгілдір отынды тұтынудан бас тартқан. Бірі қосылу құнының қымбат екенін айтса, кейбірі алданып қаламыз ба деп қорқақтайды.

«Мердігер компаниялар өзінің міндеттерін толықтай орындамағандықтан, кейбір абонеттер бұрыс ақпарат алуда. Сондықтан кейбіреулері қазір қосылғысы келмейді. Қайталап айтамын, Байзақов көшесі, 125 үйде біздің абонеттік бөлімшеміз бар. Сол жерде барлық толық ақпаратты беруге дайынбыз», – дейді «Қазтрансгаз-аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Бахтияр ІЗБАСАРОВ.  

30 жылдан бері Алматыда тұрып келе жатқан Владимир Шрайнер былтырдан бері ғана үйін көгілдір отымен жылытып отыр екен. Қақаған қыста пеш жағатын қария қауқарының да шамалы екенін айтады. Аяздыгүні көмір тасып, от жағудың өзі қарт адамға қиын еді дейді.

«Барлық құжаттарды реттеп, газды қосам дегенше 3 жылдай уақыт өтті. Өйткені, жақын маңайда төмен қысымдағы газ құбыры болмады. Қазір үйді де, моншамды да газбен жылытып отырғаныма қуанам», – дейді тұрғын Владимир ШРАЙНЕР.

Таскөмір мен түрлі қоқысты жағатындардан экологияға келетін кесір ұшан-теңіз. Сарапшылардың сөзінше, ауада қалқып жүрген, көзге көрінбейтін химиялық элементтер көп. Тіпті, газдандырылған аудандардың өзінде қосымша от жағуға құмартып тұратындар жетерлік екен.

«Былтырғы жылдың қыркүйек-қазан айларында жүргізілген мониторинг бойынша, сол кезде қалада 8 мың үй  мүлдем газдандырылмаған еді. Оған қоса, көгілдір отыны баспанасының алдына дейін келіп тұрса да, түрлі себептермен көгілдір отынды қоспағандардың саны 7 мыңға жуық болатын. Осы 15 мың үйдің құбырынан шыққан түтіннің экологияға келтіретін зиянын есептелік. Таскөмір жағатын бір үйден жылына 276 келі залалды зат шығарылады. Ал көгілдір отыннан бір жылда бір үйден кем дегенде, 77 грамм зиянды зат шығарады», – дейді экологиялық сарапшы Наталья ЯКОВЛЕВА.

Биыл қаладағы жекеменшік жер үйі барлар толықтай көгілдір отынмен қамтылады. Ал  Алматыдағы екінші Жылу энергостансасын 2020 жылға дейін толықтай газға көшірілісін деп Елбасының өзі тапсырған еді. Бұл оңтүстік астананың экологиясын 30 пайызға жақсартады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров