Елімізде контрабандалық жолмен тауар тасымалдаған 35 адам қолға түсті. Сот шешімі бойынша, 33 азамат қазіргі кезде темір торға қамалған. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлімдеді. Ведомство таратқан ақпарат бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро және прокуратура өкілдері еліміздің үш аймағында арнайы рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде кедендік бекеттердің түрлі лауазымдағы тұлғалары, шекара қызметкерлері, брокер, делдал, ұйымдасқан қылмыстық топ пен 3 қырғыз азаматы қолға түскен.
«Жүргізілген іс-шаралар барысында барлығы 8 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Аталған деректер бойынша, экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйыммен трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету. Сол сияқты оларға қатысу және парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары басталды», - деді ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана ЛОСКУТОВА.
Айта кету керек, шекара асқан заңсыз тауарлар Қытайдан тікелей тасымалданған. Әрі, Қырғыз арқылы көлеңкелі жолмен жеткізіліп отырыпты. Демек, Алтынкөл, Қалжат, Қорғас, Қордай, Сарыағаш, Атамекен сынды түрлі кедендік бекеттер контрабанда ошағына айналған. Белгілі болғандай, құрықталған қырғыз азаматтарының ішінде Жоғарғы Кеңес депутаты Дәмірбек Асылбекұлы да бар. Осы жағдайға орай, Қырғыз тарапы бүгінгі таңда еліміздің Сыртқы істер министрлігіне мәселенің анық-қанығын білу үшін арнайы нота жолдапты.