Қазақстан түрмелерінде қылмыс 44%-ға артты

20.04.2018 в 03:45

Елімізде түрмеде жазасын өтейтіндер арасындағы қылмыстық деңгей 44 пайызға өскен. Оның ішінде адамдар арасындағы шиеленіс, тәртіпке бағынбау, ұрып-соғу дерегі жиілеген. Бұл туралы бүгін Бас прокуратура өкілдері мәлімдеді. Құзырлы орган өткізген баспасөз отырысында темір торда өзіне ерекше жағдай жасап алды деген Талғат Ермегияевтың жағдайы да сөз болды.

Әдетте БАҚ құралдары алдына жиі шығуды құп көрмейтін Бас прокуратура өкілдері бүгін осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстарымен бөлісті. Алдымен еліміздегі сотталғандар жайына тоқталды. Олардың ақпаратынша, соңғы уақытта абақты ішіндегі қылмыс өршіп, 44 пайызға жетіпті. Оған жазаны өтеу аймағының туған-туыстан алшақтығы басты себептің бірі көрінеді.

«Сотталғандар арасында жасалатын қылмыс 44 пайызға, қасақана бұзушылықтар 67 пайызға артқан. Құқық бұзушылықтардың арасында өзара қақтығыстар, режимді әдейі бұзу және денеге зақым келтіру жатыр. Сотталғандар арасында жанжал туу себептерінің бірі - оларды тұрғылықты мекен-жайынан алыс жерлерде жазасын өтеуі. Бүгінде 12 мың адам туыстарынан алшақ жазаларын өтеп жатыр. Салдарынан 2017 жылы 22 мыңнан астам кездесу өтпеген», - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана ЛОСКУТОВА.

Түрмеге есірткі мен тыйым салынған заттарды кіргізу дерегі де көбейіпті. Өткен жылы 503 ұялы байланыс телефоны мен 1 келіге жуық еліткіш зат тәркіленген. Осы тұрғы да заң бұзушылыққа барған абақты қызметкерлері мен «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорны құзырлылар назарына ілікті. Мекемені тінту барысында өзге де олқылықтар анықталған. Мемлекеттік бюджетке келген шығын 3 млрд теңгені құраған.

«Тыйым салынған заттарды көбіне мекемелерге қызметкерлердің өзі кіргізеді. Мәселен, прокурорлар Тараздағы мекеменің режиімдік бөлім бастығы орынбасарының есірткі жеткізу әрекетін әшкереледі. Орал мен Ақмола облысының Аршалы ауданында колония қызметкерлері 9 ұялы телефон өткізбек болған. Атырауда 2018 жылдың 19 наурызында  және 3 сәуірінде «Еңбек Атырау» республикалық кәсіпорны қызметкерлерінің екі рет мекеме аумағына тыйым салынған заттарды алып өтпекші болған әрекетінің жолы кесілді», - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана ЛОСКУТОВА.

Ресми отырыс аяқталғаннан кейін журналистер Талғат Ермегиявтың жазасын өтеу жағдайын қозғады.  Оның «VIP» камерада өмір сүруі қаншалықты шындыққа ұласатынын сұрады. Белгілі болғандай, Ішкі істер министрлігінде осы дерекке қатысты дереу тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс қозғаған. 16 адам жазаға тартылып, екі лауазымды тұлға жұмыстан босатылыпты.

«Ермегияевке қатысты дерекке келсек, ол «VIP» камерада болған жоқ. Арнайы өндіріс аймағында жұмыс істеу кезінде жағдай жасалынған. Кешкі уақытта ол қайтадан абақтыға қайтып отырған. Бастысы күндіз оған айрықша жағдай жасалған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, қызметкерлер қызметінен босатылды», - деді ҚР Бас прокуратураның заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы Қайрат ЖАҚЫПБАЕВ.

Бұдан бөлек Тараз қаласындағы облыстық ауруханадан сытылып шыққан Мұратхан Тоқмадидің мәселесі де шет қалмады. Белгілі болғандай, қазіргі кезде оны  күзеткен қызметкерлер үстінен қылмыстық іс қозғалған. Еске сала кетейік, наурыздың 8 күні  Мұратхан  Тоқмади ауруханадан қашқан болатын. Дегенмен, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері оны көп ұзамай қолға түсірді.

«Тоқмадиге тоқталар болсақ, ол ауруханада жатып, қашқан болатын. Оны бақылауға алған айдауылдар үстінен қылмыстық іс қозғалды», - деді ҚР Бас прокуратураның заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы Қайрат ЖАҚЫПБАЕВ.

Қорыта келгенде, құзырлылар түрме атаулының санын азайту жұмыстарын қолға алыпты. Ведомствоның ресми өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, елімізде 8 жуық абақты бүгіндері жабылған. Ол мемлекеттік бюджеттің 12 млдр теңгесін үнемдеуге септескен. Сонымен қатар, жазаны өтеуді сәлде болса жеңілдету қадамдары да қолға алыныпты. Өткен жылы 6000 мыңға жуық адам мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан