Алматыда кафелердің бірінде 2 жігітті соққыға жыққандар ұсталды

Алматыда кафелердің бірінде 2 жігітті соққыға жыққандар ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кафелердің бірінің кіреберісінде 2 жігітті соққыға жыққандар ұсталды. Қазір төбелесті бастаған 22 жастағы Жамбыл облысының тумасы тұтқындалып, изоляторға қамалды. Қаршадай жігіттің осыған дейін "адам өлтіру" дерегі бойынша істі болғаны белгілі болды. Ал, оның екі нөкерінің түр-тұлғасы анықталды. «Көп ұзамай олар да қолға түседі», - дейді тәртіп сақшылары. Өйткені, қолдарында бұзақылар Алматы төңірегінен ешқайда кетпеді деген мәлімет бар. Негізі екі тарапта арам су ұрттап алған көрінеді. Кейін бір-бірімен таныс емес азаматтар сөзге келісе алмай, ақыр аяғы төбелеспен аяқталыпты. Әзірге зардап шеккен тарап Ішкі істер басқармасына арыз түсірмеген. Олар тек дәрігерлерден көмек сұрапты. Тіпті соққының астында қалғандардың бірі емді Ресейде алып жатыр.

«Қылмыстық кодекстің 293 бабының 2-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот медициналық сараптамалардың негізіне сүйене отырып, бұл қылмыстық істің басқа бапқа саралану болжамын жоққа шығармаймыз. Зардап шеккендер тарапынан айта кететін болсақ полицияға қандай да бір арыз-шағым түспеген болатын. Олар тек медициналық мекемелерге шағымданған. Қазіргі таңда олармен тілдесу процессі жүргізілу үстінде», - деді Алматы қаласы IIД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Еске сала кетейін, оқиға 1-ші қаңтарға қараған түні Күдерин көшесіндегі ойын-сауық орталықтарының бірінің алдында болған. Үш жігіттің екінші тарапты аямай тепкілеп жатқаны бейнебақылау камерасына бастан аяқ жазылып қалған. Желі қолданушылары, ес-түссіз жатқан азаматты одан сайын таяқтың астына алғандардың әрекетін құптамады. Енді жұдырық ала жүгіріп, қос жігітті аяусыз тепкілеп кеткендердің барлығы 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін.


Новости партнеров