Судья тағына келетіндер енді қатаң сұрыптаудан өтеді

29.01.2018 21:04

Судья тағына келетіндер енді қатаң сұрыптаудан өтеді. Әрі Жоғарғы сот 7 қағидатты бұзбай, қызмет етпек. Яғни, әділет пен жауапкершілік, үкім тиімділігі,сапалы мамандарды таңдау, сандық форматқа көшу басты негізге алынады. Бұл туралы Жақып Асанов айтты. Жоғарғы сот төрағасы жемқорлықпен түбегейлі күресуді де қолға алмақ. Енді аталған салада қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?

Халық арасында «Реформатор» атанған Жақып Асанов жаңа қызметіне белсене кірісіпті. Жоғарғы сот төріне БАҚ өкілдерінің басын қосып, өткен жылды қорытындылады. Сот жүйесін тізгіндеген азамат алдағы уақытта айтарлықтай өзгеріс жасамайтынын мәлімдеді. Десе де, ішкі ахуалды барынша ретке келтірмек. Жемқорлықпен күрес алдыңғы шептегі мәселе. Яғни, туған-туыс арқылы қызметке тұру, белгілі бір топтардың икеміне қарай үкім шығару сынды теріс пиғылдарға жол жоқ. Оған уәде де берді.

«Ал енді қоғам жұрт біздің жұмысымызды білген сайын, бізге деген, судьяларға деген талап одан сайын өсетін болады. Бұл түбі нені білдіреді.Өйткені біздің әр сөзіміз, әр қадамымыз жұрттың бақылауында болады. Ал олардың бақылауында болғаннан кейін әрбір судья әрбір төраға,  ұмытылып тұрып өзінің жұмысын, өзін жақсартуға өзінің кемшілігін жоюға соған ұмтылатын болады», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Жоғарғы сот лауазымды орынға келетіндерге талапты күшейтпек. Яғни, жұмысқа тұрушы мен оның кәсіби деңгейіне баға беретін адамның арасында байланыс болмайды. Себебі, конкурстан өту барысында адамның аты-жөні көрсетілмейді. Тек штрих кодтар белгіленбек. Жақып Асановтың сөзінше,  судьялардың көбі Елорадада еңбек еткісі келеді. Тек сапа жоқ, деді.

«Жұмысқа алынған мамандардың 54 пайызы талапқа сай болмай шықты. Олар конкурстан өтті. Ал, біз өз тарапымыздан жымиып қана, оларды қарсы алдық. Алдағы уақытта кімнің би болуға лайық екенін көреміз. Ол үшін екі процедурадан өту қажет. Біріншісі тест. Екіншісі - сұхбаттан өтуі шарт», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Жиын барысында қылмыстық істерге қатысты деректердің жиілегені айтылды. 2016 жылмен салыстырғанда өткен жылы сотқа түскен қылмыстық іс саны 15 пайыздан асқан. Оның ішінде ауыр қылмыс - 3 пайызды құраса, ерекше ауыр қылмыс көлемі 13,6 пайызға жетіпті.

«2017 жылы бас бостандығынан айыру үкімдері  27,1 пайыздық көрсеткішке жетті. Оның ішінде ауыр және аса қатты ауыр қылмыс жасағандар кірген. Әрі, бұрындары істі болғандар да бар. Сонымен қатар, жеңіл және орта деңгейде жасалған қылмыс үшін темір торға тоғытылғандар тізімге енді», - деді  ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық іс бойынша сот коллегиясының төрағасы Абай РАХМЕТУЛИН.

Жақып Асанов аталмыш жүйеде айтарлықтай реформаны болмайды, деді. Бірақ Елбасы тапсырмалары қалтқысыз орындалады. Әрі 7 бұлжымас қағидаттар іске асырылмақ. Сонымен қатар, қолданыстағы сот актілері жұртқа түсінікті болуы тиіс, дейді. Әрі, алдағы уақытта үкім шығарушылар Жоғарғы сот алқасы алдында берген антын адал және абыроймен атқаратындай жұмыс жасау керектігін қатаң ескертті.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан