Еліміздің сыртқы қарызы 168 миллиард АҚШ долларын құрады

26.10.2017 21:31

Қазақстанның сыртқы қарызы 168 миллиард АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк төрағасы аталған қарыздың 13 миллиард доллардан астамы мемлекеттік сектордың сыртқы борышына тиесілі екенін мәлімдеді. Ал «Банктер» секторының сыртқы берешегі 6 миллиард 200 миллионды құраса, басқа секторлардың берешегі 42 миллиардтан асып жығылады. 2017-ші жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның таза сыртқы борышы 3,1 миллиард долларға артып, 41,2 миллиард долларға дейін ұлғайған.

«Сыртқы борышқа қатысты деректер есепті кезең аяқталғаннан кейін 90 күннен кейін ғана жарияланады. Сондықтан біздің мәліметтер 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жария етілген. Сыртқы қарыз шамамен 168 млрд АҚШ долларын құрайды», - деді¤ ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Бас банкир криптовалютаға байланысты да өз пікірін білдірді. Оның ойынша, төл теңгемен мұндай валютаны сатып алу дұрыс емес. 

«Криптовалютаға қаржы құйып отырғандар кейін келіп, неге бізді уақытында ескертпедіңіздер деп айтуы мүмкін. Сондықтан, мен қазір ескертемін: мұндай операциялар үлкен тәуекелді талап етеді. Оның үстіне біз үкіметке талапты күшейтуді, ұлттық валютамен криптовалюта сатып алуға тыйым салуды және оның жүзеге асуына көмектесетін компаниялардың жұмысын тоқтату туралы ұсыныс тастадық», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы.