Астанада Орталық Азия мемлекеттерінің бес көшбасшысы бас қосты

16.03.2018 01:39

Бас қалада Орталық Азия мемлекеттерінің бес көшбасшысы бас қосқан консультативтік кеңестің отырысы басталды. Нұрсұлтан Назарбаев ресми іс -сапармен  келген Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттері  басшыларын қабылдап,  экономикалық, сауда-саттық, инфрақұрылым мен логистика саласындағы негізгі мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Елбасы 18 наурызда Ресейде өтетін сайлау барысында Владимир Путиннің жеңіске жетуіне тілеулес екенін жеткізді.

Орталық Азия мемлекеттері арасында консультативтік кеңес ұйымдастыру тек бір мемлекеттің ғана емес, аталмыш 5 елдің идеясы. Десе де, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан елінің басшылары Қазақстан жерінде бас қосты. Елбасы әр ел өкіліне ерекше ықылас көрсетіп, өзара байланысты нығайтуда мұндай сапарлардың маңызды екенін атап өтті. Түркіменстан Президентінің орнына Меджлис төрағасы Акджа Нұрбердыева келіпті.

«Құрметті әріптестер, достар! Сіздерді Астанаға келген Өзбекстан Президенті  Шавкат Миромонұлы Мирзиеевті, Тәжікстан президенті құрметті Эмомали Рахмонды, Қырғыз елінің басшысы Сооронбай Жээнбековты, Түркіменстан елінің парламент төрағасы Акджа Таджи қызын қарсы алуларыңызды сұраймын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Алқалы жиын барысында әр президентті жеке-жеке қарсы алған  Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен екі жақты кездесу өткізді. Әрі, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жағдайларды шешу үшін үшінші тарап қажет емес, деді. Қырғызстан мен Қазақстан арасында туындаған кей келеңсіздіктер қазірдің өзінде «Жол картасы» бағдарламасы арқылы жолға қойылған. Елбасы осы тұста екі ел арасындағы ынтымақтастық пен экономикалық байланыстың дамуына Сооронбай Жээнбектовтың үлес қосып отырғанын  атап өтті. Президент сонымен қатар, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевке де  ерекше ілтипатын білдіріп, бұл жиында ешбір саяси астары жоқ, деді.

«Консультативті кездесудің басты идеясын сіз ұсындыңыз. Бүгін, міне, бізде әріптестермізбен жүздестік. Біздің жиынның негізінде ешбір саяси мақсат жоқ. Тек қана өзара қарым-қатынасты терең нығайту», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында екі  жақты қарым-қатынас нығайып, тауар айналымы 44 пайызға өскен. Өзбек басшысы  көрсеткішті  әлі де көбейтіп,  3 млрд долларға дейін жеткізу керек, деді.

«Иә, бұл үлкен алға ілгерушілік. 44 пайызға жетуді біз мақсат тұтқамыз. Әрі,  бұл жылы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткіземіз жеген ойдамыз. Дегенмен, негізгі мақсат - 5 млрд долларға қол жеткізу.Сіз бүгін өте жақсы көңіл күйде отырсыз. Өзбекстан тарапының бұл идеясын қолдағаныңыз үшін алғыс білдіремін», - деді Өзбекстан Президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ.

Экономикалық, сауда-саттық, инфрақұрылым мен логистикалық бағытты дамыту негізінде бас қосқан көшбасшылар өзара қарым-қатынасты нығайтуға еш кедергі жоқ екенін тілге тиек етті. Нұрсұлтан Назарбаев шекара аймағында жиі туындаған даулы жағдайлар қайталанбайды, деді. Себебі, Қазақстан көрші елдермен шекараны демаркациялау  келісім-шартын толығымен бекіткен.  Алқалы жиында Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Елбасы бүгіндері қоғам дертіне айналған ланкестік, діни экстремизммен күрес бағытында әр елдің құзырлы органдары  бірлесе жұмыс атқару қажет, дейді.

«Біздің  аймақта туындайтын түйіткілдерді бізден басқа ешкім шешпейді. Қазір Ауғанстанда болып жатқан жағдай алаңдатып отыр. Егер біздің арнайы органдар тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болса, біз террорлық әрекет, есірткі бизнесімен айналысатындардың жолын дер кезінде кесіп отыратын боламыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сөз ортасында Нұрсұлтан Назарбаев бұл бас қосу өзге мемлекеттерден алшақтау емес екенін атап өтті. Әрі, Ресей, Қытай сынды алпауыт елдермен де экономикалық байланыс жалғасады дей келе, Владимир Путинге алдағы сайлауда жеңіске жетуіне тілектес екенін жеткізді. Кездесу соңында барлық елдің көшбасшылары Қазақстан халқын бірауыздан келе жатқан «Наурыз» мерекесімен құттықтады.


Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан