Головкин бокстан кету туралы сұраққа жауап берді

10.09.2018 22:23

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBO чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) Boxingtalk.com порталына берген сұхбатында мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен қарымтасына қатысты бірнеше сұраққа жауап берді,  деп хабарлайды tengrinews.kz. 

Қазақстандық боксшының айтуынша, реваншқа дайындық жақсы жүріп жатыр. 

«Физикалық дайындығым тамаша, өзімді 25 жастағыдай сезінемін. (...) Бокспен шұғылдана бастағанымда арманым -  әлем чемпионы болу еді. Маған бұл ұнайды, арманымнан бас тартпаймын. Чемпион болып қала бергім келеді, сондықтан жаттығу лагерінде ащы тер төгемін. Бұл чемпион болып қалудың жалғыз жолы. Бапкерім Абель Санчес кесте құрады, соны ұстанамын», - дейді GGG. 

Сондай-ақ, боксшы «15 қыркүйекте жеңіске жетсең, бұл соңғы жекпе-жегің болуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді: «Мұны 15 қыркүйектен кейін сұраңыз. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жанкүйерлерім жұдырықтасуымды қаласа, көреміз».

Бұдан бөлек Головкин сұхбатында төрешілер әділ шешім қабылдайды деп үміттенетінін тағы айтып өтті. 

«Өз ісімді жасаймын. Боксшымын. Төрешілер де өз ісін атқарады деген үміттемін. Жекпе-жек екеумізге де ауыр болады. 12 раундқа дайындалдым. Жекпе-жектің немен аяқталарын білмеймін. Білетінім жаттығу лагерім керемет болды және Абель Санчес жаттығуыма жаңа дүниелер қосты. 15 қыркүйек пен Big Drama Show-ды асыға күтемін», - деді боксшы.