Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші күні өтті. Алматыдағы қос университетте 1000-нан аса бала тест тапсырды. Әзірге рұқсат етілмеген затты алып кіргісі келген түлектер тіркелмеді. Бұл биыл жаңа форматта өтіп жатқан сынақтың жан-жақты қарастырылғанынан болуы мүмкін. Өйткені, талапкерлер өзі қалаған баллға қол жеткізбесе, қайта тапсыруға мүмкіндіктері бар.
Алматыдағы Нархоз университетінің алды адамға лық толы. Өйткені, таңмен таласа Түрксіб ауданындағы 22 мектептің түлектері «ҰБТ» тапсыруға келді. Бұл күні тексеру кезінде ұялы телефон мен шпаргалка сынды рұқсат етілмеген заттар табылған жоқ. Түлектердің басым бөлігі өздерін іштей сабырға шақырып, қобалжығандарын көрсетпеді. Ал сыртта қалған ата-аналарға балалары үшін тақымын қысып, тілек тілеуден басқа амал қалмады.
ҰБТ тапсырған 1000-нан аса бала 140 балл алудан үмітті. Ал Алмалы ауданының түлектері 1 жыл күткен сынақты Алматы технологиялық университетінде тапсырды. Білім бәйгесі басталмастан жатып осында өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері келген. Күннің ыстығына қарамастан ешкім дәрігердің көмегіне жүгінбеді. Аудитория аралап ҰБТ-ны бақылаған комисия мүшелері биыл оның тыныш өтіп жатқанын айтады.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия мен министрліктен келген комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссияның атқарып жатқан қызметтеріне сәйкес мына қалталы ұялы телефондардың сигналдарын өшіруге байланысты техникалық құралдар қолданылуда. Сонымен қатар видеокамелар қолданылуда. Видеокамералар арқылы біз аудиторияда ҰБТ үрдісінің қалай өтіп жатқанын бақылаймыз»,- деді Мемлекеттік комиссия хатшысы, Санат САТАЕВ.
Аудиторияларда ұялы телефон мен шпаргалка секілді заттарды қолдану мүмкін емес. Оның үстіне, түлектерді 3 сағат 50 минут бойы бейнебақылау камера арқылы көріп отырады. Ал тұп тура 9-да басталған сынақтан алғаш тапсырған түлек 2 сағат 45 минутта шықты. "Алтын белгіге" үміткер түлекті жұрт ду-қол шапалақпен қарсы алды.
«Көңіл-күй бірқалыпты. Жалпы қуаныштымын деп айтсам болады. Осы сәтті бірнеше ай бойы күттім. Қалай уайымдап, тапсырғанан кейін енді үстімнен ауыр жүк түскендей болып тұр қазір. Оған былай битіп үлкен мәртебе сияқты қарамаймын бірінші шыққаныма. Әрқандай болуы мүмкін нәтижесі. Енді бір Аллаға сеніп, көп балл аламын деп үміттемін енді»,- деді Түлек, ¤Мұратбек РОМАНҚҰЛОВ.
Еске сала кетейік, биыл еліміз бойынша 93 мың оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Бұл түлектердің 73 пайызы. Ағымдағы жылы бакалавриатқа 37 мың, магистратураға 10 мың және докторантураға 1285 грант бөлінген.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы