Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды

11.06.2018 21:15

Илья Ильин спортқа қайта оралды. Оның бұған дейін ағзасынан допинг табылып, екі жылға жарыстардан шеттетілген болатын. Шектеу мерзімі аяқталған спортшы қос олимпиада жүлделерінен айырылса да, ауыр атлетикаға қайта оралатындығын мәлімдеді. Ол бүгінде дүбірлі додаларға дайындығын елден тыс Румынияда өткізіп жатқан көрінеді.

«Екі жылда мен жаттықтым, дайындалдым. Ағылшын тілін меңгердім. Қазір үйреншікті қалпыма 70 пайыздай дайынмын. Соңғы жаттығуда 172 және 212 келі көтердім. Алда тек жақсы күндер күтіп тұр. Жоспарда Қазақстан біріншілігі. Ол жақта жақсы нәтиже көрсетіп, Әлем чемпионатына іріктелгім келеді. Жеңіске деген сенімім мол»,-деді ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья ИЛЬИН.  

Еске салайық, Илья Ильин 2008 және 2012 жылғы Олимпиада жүлделерінен допингке байланысты айырылып, IWF тәртіптік комиссиясының шешімімен екі жылға спорттан шеттетілген еді. Тыйым 2016 жылдың 10- маусымынан бастап есептелді. Ал Қазақстан құрамасы IWF қамқорлығымен өткізілетін ол жарыстардан бір жылға шеттетілгенін айта кеткен жөн. Ильиннен бөлек, ағзадағы тиым салынған препараттар сол кезде Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедовадан да табалып, олар да спорттан шеттетіліп, алтын медальдарынан айырылған болатын.