Атлеттер қалашығында салынған пәтерлер 1748 отбасыға үлестіріледі

31.10.2016 15:53

Универсиада аяқталған соң Атлеттер қалашығында спорт додасы үшін салынған пәтерлер 1748 отбасыға үлестіріледі. Бұл мәлімет универсиадаға дайындық барысын тексеруге келген вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовпен болған кездесуде айтылды. Алатау ауданындағы пәтерлер үй кезегінде тұрған жандарға 20 жылға жалға алу жолымен таратылады. 28- қысқы универсиадаға дайындық барысын тексерген вице-премьер «Алматы-Арена» спорт сарайын, 3 мың адамдық «Халық Арена», «Сұңқар» және «Шымбұлақ» тау шаңғы сауықтыру орындарына барды. Бұдан бөлек Иманғали Тасмағамбетов Алматы облысындағы «Табаған» және «Алатау» шаңғы-биатлон спорт аймақтарының дайындығында тексерді. Ұйымдастыру шаралары, көлік тасымалы мен халықтың қауіпсіздігін нығайтуға тапсырма берген вице-прьемер жалпы дайындыққа жоғары баға берді. 


"Намысқа салмаса болмайды. Өйткені, өз елімізде өтіп жатқан соң үштікке кіруіміз керек. Қазақ спортшысының көтеріліп, қазақтың гимнін ойнатып жатқаны бір үлкен дем береді ғой қазақтың жастарына. Биыл тәуелсіздік, егемендігіміздің 25 жылдығы. Сондықтан, жастарымыз спортта осындайда көрсетпегенде қашан көрсетеді? Сондықтан, қалған екі-үш айдың ішінде бапкерлер өте мықты жұмыс істеп, жастарды дайындау керек",- деді ҚР премьер-министрінің орынбасары, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ. 

Көшпелі жиын барысында қала әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданының тыныс-тіршілігінен мәлімдеме берді. Жалпы, соңғы 8 жылда Алатау ауданын дамытуға мемлекеттің 200 миллиард қаржысы жұмсалыпты. Есесіне, аудандағы өнеркәсіп өнімі 9 есеге көбейсе инвестиция 5 есе өскен. 5 мың адамдық атлетер қалашығыда осы Алатау ауданында орын тепкен. Ал 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан арасында өтетін байрақты бәсекеде спорттың 12 түрі бойынша медальдар сарапқа салынбақ.