Ең басты спорттық сайыс Универсиаданың басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов спорттық ғимараттардың дайындығын тексерді. Қаланың барлық қызметі қазір барлық тиісті шаруаларды тындырып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары көлік қызметінің маңыздылығына тоқталды.
Иманғали Тасмағамбетов ең алдымен Универсиада ойындары кезінде жұмылдырылатын техникамен танысты. Оның ішінде полицей мен жедел жәрдем қызметінің көліктері бар. Студенттік жарыстың ақпараттық орталығы «Сұңқар» халықаралық тау шаңғы трамплин кешенінде орналасады. Премьер-министрдің орынбасары мұнда ойынды толығымен онлайн режимде бақылау мүмкіндігін жоғары бағалады. Ал, қалалық қызметтер өз дайындықтарын пысықтауда. Вице-премьер Универсиада нысандары мен қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне бөлек тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
«Көлік логистикасын ұйымдастыруға келсек, онда біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Самиитіне және 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықты жүргізуде тәжірибеміз бар. Мұны делегаттарға, спорттық командаларға қызмет көрсетуде қолдануға болады. Бұған қарамастан, алау эстафетасын өткізу кезінде көлік қозғалысының артуына байланысты басқа да сұрақтар туындайды. Бұл орайда, еліміздегі қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қолайсыздықтар тудырмау мақсатында көлік қозғалысын реттеуге қосымша шаралар қабылдау қажет», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ.
Спорттық ғимараттардың дайындығына қатысты Иманғали Тасмағамбетов оларды белгіленген талаптар мен стандарттарға және пайдалануға беру қауіпсіздігіне сәйкес толық жабдықтау қажеттігін ескертті. Вице-премьер дайындық жұмыстарының жақсы жүргізіліп отырғанын атап өтіп, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке пайдалану ережесі мен қауіпсіздік талаптарын міндетті орындау бойынша жұмысшы комиссияларды өткізуді тапсырды. Сондай-ақ жарықтандыру, безендіру, көлік тұрақтарын жабдықтау жұмыстарын аяқтау қажеттігін баса айтты.
«Біздің спортшыларымыздың даярлығы мен шараның салтанатты ашылу рәсімінің маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді. Осынау ірі әлемдік сайыс үлкен маңызға ие және ол спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын тиімді насихаттауды қамтамасыз етуі тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ.
Универсиада ұйыдастыру комитетінің соңғы отырысына өзге қала және облыс әкімдерінің орынбасарлары да қатысты. Себебі, ойын алауын ұстаушылар еліміздің барлық өңірінде жүріп өтеді. Алау эстафетасы 25 қаңтарда басталып, 29 қаңтарда аяқталады. Бұл шараға Қазақстанның 16 қаласы қатысады. Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолды өтіп, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүріп өтпек.
Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы