Алматы ғимараттары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы бола түспек

10.08.2018 15:53

Алматыда тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының жұмысына көңілі толмайтындардың саны артқан. Бүгінде олардың үстінен түскен 20 шағымның жартысы нақтыланған.

Осыған байланысты Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы осы басқарманың мемлекеттік қызмет көрсету мәселесін қарастырды. Одан өзге, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін нысандардың қолжетімділігі сөз болды. Алдағы уақытта ғимараттардың пандустарды орнату мәселесі қаралды.  

«15 тамызға дейін нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін тағы тексеру қажет. Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері департаменті қаладағы мемлекеттік қызмет көрсететін орындарды тексеріп шықты. Біраз ескертулер болды, соның орындалуын қадағалау керек. 29 тамызға дейін жауапты органмен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін оңтайландыру қажет», – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шынар ӘЛІМХАН.