Арыстанбек Мұхамедиұлы «Этноауылдағы» күйі кеткен тазыларды бақылауына алды

28.08.2018 20:10

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елорданың «Этноауыл» жеріндегі күйі кеткен тазыларға қатысты мәселені өз бақылауына алды. Бұл туралы министр өзінің Фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желіні қолданушылардың бірі Жора Морозов өз парақшасында күйі кеткен иттердің видеосын салған болатын. Қолданушының айтуынша, ол видеоны «Қазанат» атшабары жақта түсірген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған «Этноауыл» ұлттық-мәдени орталығы аумағында («Қазанат» ипподромы) екі тазының жағдайы туралы бүгін түнде көргенін айтады.

«Таңнан бастап жағдайды анықтауға кірістім. Мекеме балансында бір де бір ит жоқ. Иттер тұрған қамаулар «Этноауыл» аймағындағы шараларға қатысатын сырттан әкелетін жануарларға арналған. Екі иттің де иесі – Бекболат есімді жеке тұлға, оларды Павлодардан әкеліпті. Оның айтуынша, біраз уақыт бұрын екі ит қоршаудан жоғалып кетіп, 10 күн іздеуден кейін өте нашар жағдайда қайтарылыпты. Иттердің жоғалғаны туралы полицияға берген арызы бар», – деп жазады министр.