Үскірік аязда шаңғымен 217 шақырымды жүріп өтіп, Антарктиданың Винсон шыңына еліміздің көк байрағын орнатқан жиһанкездер елге оралды. Таңертең Алматы әуежайында «Тәуелсіздік полюсі» экспедициясына қатысушыларды туыстары мен достары, сондай-ақ бір топ жанкүйерлері күтіп алды. Ал, жиһанкездер саяхат кезінде бастан кешкен қиындықтары мен қызықтары жайлы айтып берді.
Мұзды материкте 217 шақырым жерді шаңғымен кезіп, Антарктиданың ең биік нүктесі Винсон шыңын бағындырған жиһанкездерді отандастары осылай құшақ жая күтіп алды. Қазақстандық экспедиция құрамында 6 адам болыпты. Олар саяхатқа былтыр желтоқсан айының басында аттанып, 16 желтоқсан күні Винсон шыңына еліміздің көк байрағын орнатқан. Жиһанкездер бұл сапарларын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Саяхатты әрмен де жалғастырып, аяқ-қолды қарып тастар аязға қарамастан, 42 күнде Антарктиданың бізге беймәлім тұстарын барлап келген.
«Шаңғы экспедициясы 11 күн болды, өте қиын болды. Өйткені таудан кейін біздің денеміз шаршаған. Бірақ 31 желтоқсан күні Южное географическое полюсіне жеттік. Қиын болды, ауа райы өте суық болды. 40-45 градус аяз», - деді «Тәуелсіздік полюсі» экспедициясының капитаны Мағжан САҒЫМБАЕВ.
Күн райының шәлкез мінезіне қарамастан, экспедиция мүшелері қыруар ғылыми зерттеу жүргізіп келіпті. Экология, биология салаларынан бөлек, Антарктиданың төтенше жағдайы адам ағзасына қалай әсер ететінін анықтаған.
«Ғылыми зерттеуім біріншіден - адамның психоэмоционалдық деңгейін көру. Қалай ауа райы, табиғаты әсер етті оған. Осындай үлкен физикалық қысым болғаннан кейін сол зертеу болды. Екіншіден - ол адамның физиологиясы қалай өзгерді. Үшіншіден - ол микронутриенттермен ағзасында өзгеруі», - деді «Тәуелсіздік полюсі» экспедициясының қатысушысы Дәулет ШАРИПОВ.
Ерекше әсерлерімен елге оралған жиһанкездер әуелі тынығып алмақшы. Ал, көп ұзамай зерттеу нәтижелерін жарыққа шығармақ. Айта кетсек, «Тәуелсіздік полюсі» шаңғы экспедициясы Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен жүргізілді.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы