Алматыда көпқабатты үйде газ жарылып, 1 адам зардап шекті

16.01.2018 14:39

Алматыда көпқабатты үйде газ жарылып, 1 бөлмелі пәтер сау тамтығы қалмай жанып кетті. Ал, сол мезетте іште болған ер адам қазір аурухананың  жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 60 пайызын күйік шалған науқастың халі ауыр. Жарылыстың күштілігі соншалық, толқынынан бірнеше пәтер зардап шегіпті. 

"Таугүл" ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары бүгін 11-лер шамасында белгісіз заттың қатты атылған дауысын естиді. Кейбірі тіпті жер сілкінді деп ойласа керек. Сөйтсе, 2 қабаттағы 1 бөлмелі пәтерде газ жарылып, арты өртке ұласқан. Оқыс оқиға кезінде пәтерде қырықтан асқан Бақытжан Жүнісов есімді азамат болыпты. Оның бұл пәтерді жалға алып тұрғанына көп уақыт бола қоймаған.

«Таңғы сағат 6-да келді. Қызымды балабақшаға апардық, сосын мені жұмысқа апарып тастады. Одан кейін үйге қайтып кеткен демалуға. Пәтерде ешқандай ақауы жоқ еді. Енді шығынын төлейміз. Ең бастысы жолдасым аман болсын», - деді зардап шеккен азаматтың әйелі Гүлмира.

Айтып келмеген апаттан шошынып қалған келіншектің күйеуі қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Ақ халаттылардың айтуынша халі ауыр. Денесінің 60 пайызын күйік шалған.

Көгілдір отынның ауаға көп тарауынан тұтанған тілсіз жаудың кесірінен пәтердің сау тамтығы қалмаған. Өрт 12 шаршы метр аумақты лезде жалмап үлгеріп, көрші пәтерлерге де зиянын тигізіпті.

Газдың қатты атылғанын зардап шеккен өзге де пәтерлер мен үйдің дәлізінен аңғаруға болады. Жарылыс толқыны 6 пәтердің есік-терезелерін қиратып, қабырғаларын сөгіп кеткен.¤¤

«Шығынды мен пәтер иесінен талап етемін, жалға алушыдан емес. Орта есеппен 500 мың теңгеге шығын келтірілді. Тереземді, 3 есігімді  және сыртқы есікті ауыстыру керек», - деді Сәуле СӘЛМЕКЕЕВА.

Тілсіз жаудан зақымданған пәтерлердің шығынын кім өтеп берері әзірге белгісіз. Өйткені, үй иесі қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал, пәтерді жалдап тұрған Жүнісовтер отағасының амандығынан басқа ешнәрсе ойлауға шамасы келмей отыр.

«Күндізгі сағат 11-лерде төтеншеліктерге «Таугүл» ықшамауданында газ жарылғаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетіп, 8 минуттың ішінде отты ауыздықтады. Қазір газдың не себепті жарылғаны анықталып жатыр», - деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Десе де, алдын ала жасалған болжам бойынша, төтенше жағдай газ құрылғысының дұрыс орнатылмағандығынан болған көрінеді. Бірақ тексеру жұмыстары жасалып жатыр.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

м