Әкесі таспен ұрып комаға түскен бала ауруханадан шықты

16.08.2018 16:10

Алматыда ағаш түбінен ауыр жарақатпен табылған 4 жастағы бала ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық №2 балалар ауруханасының өкілдерінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

«Бала кеше неврология бөлімінен шығарылды. Жағдайы жақсы болған соң үйіне жіберілді», – деді аурухана өкілері.

Дәрігерлер балаға 3-6 ай арасында бас сүйегінің самай тұсын қайта қалпына келтіруі керек екенін және оған тағы да ота жасалатыны туралы айтты.

Емханадан шыққан бүлдіршін қазір өздігінен тамақ ішіп, сөйлей алады.

Ал оның әкесі Мұрат Асқароглыға қатысты тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Ер адам баласын таспен ұрғанын мойындады.

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға 16 шілде күні Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жасар бала ауыр жағдайда ағаш түбінен табылған болатын.