Ақмола облысында оқушыны сабаған әкім өз әрекетін түсіндірді

28.02.2018 14:42

Оқушыны оңдырмай ұрған әкім ақыры жұмыстан қуылды. Қорғалжың ауылдық округының әкімі Жанат Омаров сегізінші сынып оқушысын соққыға жыққан ерсі қылығы әдеп кеңесінде де қаралды. Кеңес шенеуніктің іс-әрекетіне қатысты жүргізілген қызметтік тексеру мен тергеу органдарының деректерін зерттеп, оны мемлекеттік қызметтен босату туралы шешім қабылдаған. Ал баласындай  баланы естен танғанша тепкілеген әкім өзінің бұндай қадамға неліктен барғандығын түсіндірді.

«Мен интернатқа келдім. Онда бір топ балаларды көрдім. Дәл сол сәтте дәрігер менің балама көмек көрсетіп жатқанын байқадым. Бардым да, төбелестің неден шыққанын, кім ұрғанын сұрадым. Ол Диас болып шықты. Інісін менің балам үзілісте итеріп жіберген. Қорғапты-мыс», - деді Ақмола облысы Қорғалжың ауылдық округының бұрынғы әкімі Жанат ОМАРОВ.

Ерсі қылығына өкінгеннің орнына ақталумен әлек болған Омаров  жарты жыл ғана әкім болып жұмыс істеген екен. Қазір дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, қасақана денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Естеріңізге салсақ, даудың басы сегізінші сынып оқушысы Диас Мұқанның мектепте өзімен бірге оқитын інісін әкім баласынан қорғап, араша түсуінен басталған. Шенеунік баласының Диаспен төбелескенін естіп, оны интернатқа әдейі іздеп барып, соққының астына алған. Миы шайқалып, түрлі зақым алған Диас Астанадағы №2 ауруханада ем алып жатыр.