|
12.09.2018 | 16:01
3084

Ұлттық ғылым академиясының жаңа басшысы сайланды

Ұлттық ғылым академиясының жаңа басшысы сайланды

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясына жаңа президент сайланды. Кеңейтілген сессияда Академия төралқасының 5 жылғы жұмысына қорытынды жасалып, алдағы бес жылдықтың міндеттері айқындалды.  

Ғалымдардың басын қосқан бұл жиыны Ұлттық ғылым академиясы президентінің есептік баяндамасынан басталды. Аталмыш академия посткеңестік аймақта алғашқы болып Батыс Еуропа үлгісінде дамып келеді. Яғни, академия – дербес. Үкімет құрамына кірмейді, бағынбайды. Тікелей Президентке ұсыныс беретін Франция, АҚШ, Англия академиялары секілді жұмыс істейді.

72 жылдық тарихы бар Ғылым ордасы еліміздің табиғи ресурстарын зерттеп, пайдалануда елеулі еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, Елбасының индустрияландыру бағдарламасы аясында бірқатар ғылыми жоба өндіріске енгізіліп, 1200-ден аса адамға жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, академияның 8 журналы әлемнің 73 еліне таратылады.

«5 жылдың ішінде академияның және президиумның атқарған жұмысы өте ауқымды болды. Нақты айтатын болсақ, академия құрамының жартысы жас ғалымдармен толықты. Сонымен қатар, қазір ҰҒА-ның 4 журналында және бөлімшелеріндегі журналдарға Scopus, Analytics сияқты халықаралық рейтингтік журналдардың бүгінгі нормалары еніп отыр», – деді ҚР ҰҒА вице-президенті Тілектес ЕСПОЛОВ.

Өткен 5 жылдың жұмысы қорытындыланған соң, академиктер мен корреспондент-мүшелері жасырын дауыс беру арқылы Ұлттық ғылым академиясының жаңа президентін сайлады. Ғалымдар бірауыздан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрыновты қайта таңдады.

Айта кетсек, бір ай бұрын баспасөз беттерінде лауазымды қызметке сайлау туралы байқау жарияланғанымен, басқа үміткерлерден өтініш түспеген. Осылайша, ғалымдар Академияны 15 жыл басқарған Жұрыновтың әрмен қарай да Қазақстан ғылымын дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.

«Қиындық, әлбетте, бар. Бізде де, Ресейде де бар. Бар қиындық қаржыландыруда болып тұр. Жаңа айтып кеткендей, Қазақстанда жалпы ішкі өнімніңнің ілімге бөлінген өлшемі 0,13 пайыз дейді. Ал бұл еш еуропалық талапқа сай келмейді. Америкада, Жапонияда, Финляндияда, Израильде, Швецияда ЖІӨ-нің 2-ден 4 пайызына дейін ғылымға жұмсайды. Дегенмен, біздегі жағдай экономикалық тапшылыққа байланысты уақытша қиындық болса керек деп қабылдап отырмыз. Бұйырса, Қазақстандағы ілімдер бұдан да мықты деңгейге жетеді деп ойлаймын», – деді Қырғыз Республикасы ҰҒА президенті Абдығани ЭРКЕБАЕВ.

Отандық ғалымдар да қаржыландыру мәселесінің таяу арада шешілетінінен үмітті. Өйткені, Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыруды 2020 жылға дейін 2 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Ал қайта сайланған Мұрат Жұрынов алдағы 5 жылда ғылымды экономика секторларымен өзара байланыстыруды күшейту сынды міндеттердің тұрғанын айтты.


Тоғжан Аман, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир