Он адамды мерт қылған Күлекбаев ісіне нүкте қойылды

02.11.2016 23:26

Айдың - күннің аманында оқ атып, он адамды мерт қылған Күлекбаев ісіне нүкте қойылды. Екі тараптың арыз-шағымын толық тыңдаған судья Ерлан Болатов соңғы шешімін жариялады. Қылмыскер Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 11 бабы бойынша айыпталып, өлім жазасына кесілді. Ал, Күлекбаевтың жақтастары деген 5 азаматты 3 жылдан он жарым жылға дейін темір торға тоғыту туралы үкім шықты.

Екі аптадан бері айыптаушылар мен қорғаушылардың Күлекбаевқа қатысты арыз-шағымдарын түйіндеген судья Ерлан Болатов атышулы іске аяқтады ақыры. «Алматылық атқышқа» Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 126, 192, 200, 287, 288, 291, 23,93, 99, 255, 58-ші баптарының бірнеше тармағы бойынша жаза кесілді. Яғни, өмір бойы бас бостандығынан айырылып, барлық мүлкі тәркіленетін болды. Оған қоса, өлім жазасына кесілді.

«Қылмыстық кодекстің 58 бабы 6 тармағы бойынша Руслан Күлекбаевтың жеке мүлкі тәркіленіп, өлім жазасы тағайындалсын. ҚР қылмыстық кодексінің 14 бабы 2 тармағына сәйкес Руслан Күлекбаевтың әрекеті қылмыстардың ең ауыры деп танылсын. Руслан Күлекбаевқа қатысты бұлтарпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», - деді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Ерлан БОЛАТОВ.

«Күлекбаевтың жақтастары» деп құрықталған 5 азаматтың ісі де шешім тапты. Оларға 3 жылдан он жарым жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды. Сонымен қатар, барлық мүлкі тәркіленді. Қылмыскерлер жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өткізетін болды.

Алматыда теракты ұйымдастырған атышулы Күлекбаев ісіне нүкте қойылды. Судья сотталушыға ең ауыр деген өлім жазасын кесті. Сонымен қатар, қаза болғандардың жақындарына 50 млн теңге өндіріп беру міндеттелді. Ал, прокурорлардың айтуынш, мораторий алынған күннің өзінде Күлекбаев бір жылдан кейін ғана өлім жазасына кесіледі.

2003 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде өлім жазасына мораторий жарияланған-ды. Күлекбаев өлім жазасына кесілгенмен, үкімнің қашан орындалатыны белгісіз, дейді мемлекеттік айыптушы. Оған дейін қандықол жазасын Қостанайдағы аса қауіпті қылмыскерлерге арналған калонияда өтейді.

«Өлім жазасын орындау жөнінде мораторий бар. Ол мораторий бүгінгі күні президенттің жарлығымен бектілген. Бірақ ол кез келген күні жойылуы мүмкін. Егер де жойылған жағдайда ол тек бір жылдан кейін ғана орындалады», - деді мемлекеттік айыптаушы Бауыржан ЕРТАЕВ.

Қаза болған 10 адамның жақындары Күлекбаевтың өлім жазасына кесілгенін құптады. Ал, өз өмірін қия отырып, қылмыскерді тоқтатқан Аян Ғалиевқа мемлекеттік сыйлық беруді ұсынды. Алайда, марқұмның жары отағасына халық қаһарманы атағын беру керек деп санайды.

«Тоғыз жерден жараланса да, өзінің жауына төтеп беріп, Күлекбаевты тоқтата білді. Оны тоқтатпаса, одан кейін қанша адамды өлтіретін еді. Сол себепті мен өзімнің жолдасымды халық қаһарманы ретінде танимын», - деді марқұм А.Ғалиевтың жары Анар АСАНОВА.

«Болашақта мұндай жағдайлар қайталанбайды, деп сенемін. Өйткені терроризм деген өте жаман қауіп. Бұл интеграциямен қатар жүреді. Біз одан құтылуымыз үшін мемлекет жағынан шаралар қолданылады деп сенемін», - деді марқұм Ғ.Нұримановтың ұлы Әлішер АЙТБАЕВ.

«Бұл теріс пиғылды адамдарға сабақ болсын. Пагон таққан жол патрульдік полициясы және басқа да органдарды атып кете берсе не болмақ. Заңды күшейтіп, осындай жауыздардың алдын алып, сіз болып, біз болып, халық болып алдын алу керек. Бұлдан былай мұндай жағдайлар қайталанбасын», - деді марқұм М.Сәлімбаевтың әкесі Қолғанат СӘЛІМБАЕВ.

Айта кетейік, 18 шілде күні Алмалы аудандық Ішкі істер бөліміне шабуыл жасалды. Руслан Күлекбаев қаруды қолды қылып, жолында кездескен 8 сақшы мен екі тұрғынды мерт қылған. Атышулы оқиғаның кесірінен 10 отбасы қара жамылып қалды.

Аршын Кемелжан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы