Алматы қаласы Наурызбай ауданын дамытуға қала бюджетінен 61 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның басым бөлігі ауданда әкімшілік ғимаратттар кешенін тұрғызуға жұмсалған. Ал қалғаны абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыруға бағытталған. Ауданда осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар пен алдағы жоспарлар Алматы қаласы «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңес бюросы кеңесінде талқыланды.
Қазіргі таңда аудан халқының саны 122 мыңнан асады. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жобалау мекемелері Ақсай және Қарғалы өзендерінде су тоғандарының тұрғызу бойынша жобасын әзірлеуде.
«Аудан құрылған бойда кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мәселе – көлік жолдарын қалыпқа келтіру болатын. Осы уақытқа дейін 252 көшеге асфальт төселді. Өткен жылы 1,2 шақырымдық Абай даңғылы құрылысының бірінші кезеңі жүргізілді. Екінші кезеңінің құрылысына жер учаскелерін немесе басқа да жылжымайтын мүлікті мемлекет пайдасына алу жұмысы атқарылуда. Қазір осыған байланысты 87 қаулы шықты», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.
Бүгінде ауданда газдандыру көрсеткіші 95 пайызға жеткен. Қазір тек 363 үй көгілдір отынмен қамтылмаған. 1 қыркүйекте аудандағы Ақжар ықшамауданында 1200 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілмек. Оған қоса, 320 орынға шақталған балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын.