ЭКСПО кезінде кафе мен мейрамханалар ұлттық нақышта безендіріледі

09.02.2017 в 15:53

Экспо-2017 көрмесіне келушілерге негізінен ұлттық тағамдар ұсынылады. Еліміздің ас мәзірі ұлттық асханаларда сатылатын болады. Әсем оюмен безендірілген мейрамханалар мен кафелердің 75 пайызы қонақ күтуге сақадай сай. Халықаралық ЭКСПО көрмесі энергияның баламалы түрін сынау бойынша ғана ауқымды емес, сонымен қатар, қазақстандық бизнес үшін де үлкен мүмкіндік. ЭКСПО арқылы елдегі шағын және орта бизнесті жандандыра түсу керектігін Елбасы арнайы тапсырған болатын. 

«Біз қоғамдық тамақтану алаңын құру үшін 10 мың шаршы метр жер бөлдік, бұл әртүрлі баға бойынша 40 тамақтану орны. Тек мейрамхана, бар, кофеханалар ғана емес, әр елдің, әр ұлттың өзінің ұлттық асханаларына арналған алаңқайлар болады. Көрме арқылы біз елдің жан-жақтылығын көрсеткіміз келеді. Бұл бизнес қауымдастықтың бірегей мүмкіндігі, себебі 93 күн бойы 5 млн адам мен ұйымдастырушылар ағыны болады»,- деді «Астана Экспо-2017» ҰК АҚ департамент директоры, Дәурен ЕРКІНБАЕВ.