Былтыр Алматыда 4 мыңға жуық заңсыз тауар тәркіленді. Контрафактілік өнімдер қаладағы қара базарларда сатылып келген. Пысықайлар белгілі брендтердің атын жамылып, қолдан жасаған заттарын сауда сөрелеріне шығарыпты. Әділет департаментінің қызметкерлері өткен жылы осындай жолмен пайда тапқан 24 адамның қолға түскенін айтады. Оларға салынған айыппұл көлемі 2 млн теңгеден асады.
Балаларға арналған ойыншықтарды сауда сөресіне самсатып қойған бұл сатушы тауарлардың Қытайдан жеткізілгенін мойындапты. Сөйте тұра, оларды сатуға ешқандай рұқсаты болмаған. Оның үстіне, қорабында белгілі бренд көрсетілген ойыншықтардың қолдан жасалғаны әшкере болды. Мамандар көшірме заттардың барлығын тәркілеп, хаттама толтырды.
Тұрғындарды түлкібұлаңға салатын саудагерлер заңсыз өнімдерді Барахолкада саудалап келген. Әділет департаментінің қызметкерлері былтыр осындай жолмен пайда тапқан 24 адамды анықтапты. Олардан тәркіленген тауар саны 4 мыңға жуықтайды. Күдіктілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Оларға салынған айып құны 2 млн теңгеден асады.
«Тәркіленген өнімдердің тең жартысы Алматыда әзірленген. Қалғаны шет елдерден жеткізіліпті. Тасымалданған тауарларды Қазақстан аумағында рұқсатсыз саудалауға болмайды. Оған заң жүзінде тыйым салынған. Тек өнім өндірушілерінің рұқсатымен ғана сауда сөрелеріне қоюға болады», - деді Алматы қ. Әділет департменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Бақытжан ҚҰЛАНТАЕВ.
Тәркіленген тауарлардың арасында киім-кешектер, от тұтатқыштар, қол сөмкелері мен әуелде айтқан балалар ойыншығы бар. Одан бөлек, көлік саймандары да сауда сөрелеріне шығарылған.
Көрген адамды күпті қылмайтын өнімдерді күдіктілер жасырын цехта әзірлеп келген. Кейбірін іргедегі Қытайдан алдырыпты. Заңсыз өнімдердің шекарадан қалай асырылғаны әзірге белгісіз. Пысықайлар өнім көшірмесін әп-сәтте әзірлеп беретін шетелдік станоктарды да қолданған екен.
«30 немесе 100 АЕК айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық екі немесе одан да көп рет қайталанатын болса, онда оларға қылмыстық іс қозғалуы мүмкін», - деді Алматы қ. Әділет департменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Еркебұлан ЖЕТПІСБАЕВ.
Мамандар контрафактілік өнім сатқандардың түрмеге тоғытылуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан осы айдан бастап саудагерлерге ескерту қағаздарын үлестіре бастайды. «Контрафакт» шарасы наурыз айының ортасына дейін жалғаспақ.
Дастан Сейілханұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы