Алматы қалалық мәслихаты депутаттығынан үміткерлер сайлауалды жұмыстарын бастады. Айта кетейік, күні кеше шығып қалған екі орынға кандидаттарды тіркеу аяқталған еді. Депутаттық мандаттан қазір 6 адам дәмелі. Олардың екеуі «Нұр Отан» партиясынан, қалған төртеуі өзін-өзі ұсыныпты. Негізгі құрам кәсіп иелеріне тиесілі. Екеуі бюджеттік салада қызмет етсе, біреуі қоғамдық ұйым атынан. Үгіт-насихат жұмыстары 23 наурызда аяқталады. Ал сайлаудың өзі 25 наурызда өтпек. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері депутаттыққа үміткерлерге көрсетілетін қаржылық көмектер туралы да айтты.
«Кандидаттардың өздері қор ашуына болады. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек бар. Оның көлемі Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіледі. Мемлекеттен кепілдендірілген қаржы қазір 245 мың теңгені құрап отыр», - деді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Айгүл ХАЛЫҚОВА.