ШҚО-да құтқарушылар қызыл сумен әлі де күресіп жатыр

27.03.2018 01:30

Еліміздің шығысы әлі де шатқаяқтап тұр. Онда 40-қа жуық үйді су шайып кеткен. Өңір құтқарушылары қызыл сумен қазір де күресіп жатыр. Соңғы 5 күнде су астында қалған 800 адам қауіпсіз жерге көшірілген екен. Олардың дені басқа аймақта тұратын туған-туыстарын жағалап жүр. Бірақ бұқараның осылай босып жүргені мінбердегі кейбір шендінің шымбайына батпайтын сынды. Мәселен, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко: «Бұл табиғи құбылыс. Шу шығарып, аттандаудың қажеті жоқ!» - деп, журналистерге дүрсе қойды. Айтуынша, билік тарапынан апатты ауыздықтауға барлық жағдай жасалып жатыр. Бірақ қолдан келер басқа қайран жоқ дегенге сайды сөзі. Білдей бір министр болған адам көпе-кернеу көсіліп жатқанда, еліміздің Шығысына басқа аймақтардан құтқарушылар жұмылып жатыр. Қосымша техника да тартылуда. Бірақ ондағы жағдайдың қашан тұрақталары белгісіз. Өйткені, синоптиктер алдағы 3 күнде еліміздің біраз бөлігінде бұрқасын болады деп болжауда.

Шығыстағы жұрт шықпырт тигендей шулап жатыр. Қапыда үйлерінен айырлып, босып кеткен бұқара ендігі күндеріне елеңдеумен жүр. Соңғы 5 күнде су астында қалған 800 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың дені басқа өңірлерде тұратын туған-туыстарын жағалап кетсе, барар жері, басар тауы жоқ тұрғындар ауыл мектептеріне уақытша орналастырылған. Табиғаттың шәлкез мінез танытарын аймақ атқамінерлері білмесе керек, облыс әкімі Даниял Ахметов соңғы 30 жылда өңірде мұндай апат болмағанын айтты. Сондықтан тасқынға дайын болмай шыққан. Аймақта ұзын-ырғасы 481 үйді су басқан. Қызыл су зардабын, әсіресе, Глубокое және Белоусов аудандарында тұратын адамдар тартып отыр. Өскемен мен Аягөздегі жағдай да мәз емес.

«Кішкене шыдайсыз. Бірақ оны ойламаңыз. Қаншама қаржы керек, өзім бөлемін.Үйді жөндеп береміз. Ал енді үйіңіз құласа, мысалы, жаңа үй алып беремін» - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял АХМЕТОВ.

Апаттың айтып келмесі анық. Қапыда болған тасқынмен күресуге өңір құтқарушыларының шамалары жетпей жатыр. Сондықтан оларға қосымша мамандар жұмылдырылған екен. Осыған дейін, Павлодар облысынан төтеншеліктер көмекке келген. Күні кеше Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан құтқарушылар жіберіліпті. Одан бөлек, арнайы техникалар да тартылған. Қазір олар су басқан 12 аумақта қарқынды жұмыс істеп жатыр.   

«Құтқару жұмыстары Глубокое және Шемонаиха аудандарында жүргізіліп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген құтқарушылардың көмегімен бұл аумақтан 5 мың текше метр су тартылды. Ал Павлодардан келген төтеншеліктер Өскемендегі жағдайды тұрақтауға ат салысты», - деді  ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия СКЛЯР.

Шығыстағы жағдай осылай шатқаяқтап тұрғанда, мінбердегі кейбір шенді мізбақпай жүргендей. Мәселен, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко апатпен күресіп-ақ жатырмыз, бірақ қолдан келер басқа қайран жоқ деп журналистерге бет қаратпады. Білдей бір министр болған адамның бар айтары - су шайып жатса да, шыдау керек дегеннен әрі аспады.

«Сіздер су ғайыптан жоқ болып кетеді деп ойлайсыздар ма?! Жоқ, әрине. Құдды Айда тұратын адамдар сияқты сөйлейсіздер. Жауын жауады, қар ериді. Өңірді әлі де су басады. Бұл қалыпты жағдай емес пе? Неге су бөгендерінің салынып жатқанын, мемлекеттен ол үшін қыруар ақша бөлініп жатқанын айтпайсыздар? Егер билік тарапынан қолдау көрсетілмесе, онда өңірде құтқарушылар болмайтын еді», - деді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Божконың бұл сөзі босыған бұқараны бүйірден соққан болды. Жүдеу-жадау жүрген жұртты синоптиктер де қуантпады. Олар алдағы 3 күнде еліміздің біраз аймағында бұрқасын болады деп болжап отыр. Толассыз нөсер құйып, долы дауыл да тұрады. Сондықтан тұрғындарға сақ болуды ескертеді.

«Шығыс Қазақстан облысында кеше ғана дауылды ескерту берілді. Бұл жерлерде екпінді желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетеді. Ал кей аудандарда жауын-шашын жауып, тұман мен көктайғақ күтіледі», - деді «Қазгидромет» РМК жетекші маманы Айгүл АЛДАНБЕРГЕНОВА.

Шығыс аймақтан бөлек, еліміздің солтүстік өңірі де жақында қар құрсауында қалады. Мамандар ондағы ауа температурасы күрт төмендеп, көктайғақ болады деп болжауда. Осы тұста, төтенше жағдай комитетінің қызметкерлері Қазақстанда әлі тасқын бола қойған жоқ деп, айды аспаннан бірақ шығарды. Олар өзендердің арнасынан асар шағы алдағы сәуір айында тіркелуі мүмкін дейді. Ал Өскемендегі қазіргі жағдай қардың еруінен болып отыр екен.

«Тасқын әлі бастала қойған жоқ. Қазір тек таулы аймақта тұратын аудандарды еріген қар суы басып жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Біз тасқын алды деп, тек өзендер арнасынан асып, аймақтарды су шайып жатқанда ғана айтамыз», - деді  ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан ИМАНҚҰЛОВ.

Төтеншеліктердің сөзіне сенсек, апаттың көкесін алдағы айда көреді екенбіз. Өңірлерді қазір су басып жатқаны - дабыл қағатын жайт емес екен. Осыған қарағанда, қар суынан қан қақсаған жұрттың жағдайы өзен тасыса қандай боларын болжаудың өзі қорқынышты сынды.


Дастан Сейілханұлы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы