Толассыз жауған жаңбырдан Алматы көшелерін су басты

15.05.2018 02:51

Алматыда толассыз жауған жауын-шашын халықты толарсақтан су кештірді. Соңғы екі күнде қатты нөсер салдарынан қаладағы 24 мекен-жайды су басқан. Ал желі қолданушылары бүгін таңертең көл болған көшелер мен жауын салдарынан аяқаттап баса алмай қалған тұрғындардың жайын қызу талқыға салды. Қазір қала басшылығы коммуналдық қызметкерлер мен арнайы техниканың жұмысын барынша күшейткен. Әрі табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Бұл таңертең Алматыда құйған ақ жауын салдарынан көліктері суға батқандар. Арықтан тасыған  су көшелелерді басып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Тізгіншілер көлікпен кідірсе, кей жерлерде жүргіншілер аттап баса алмай қалды.

Абырой болғанда, су басу салдары жедел жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жайт мамандары соңғы екі күнде Алматыда 5 жер үйді, 2 жертөлені, 8 үйдің ауласын, сондай-ақ 9 көшені су басқанын  тіркепті. Қызыл су, әсіресе, қаланың Алатау және Медеу аудандарында жайылған. Төтенше жағдайлар департаменті орын алған жағдайға арық жүйесінің қоқысқа толып кеткендігінен деп түсіндірді.

Су басқан аймақтарды тазарту үшін 600-ден астам адам, 170-ден астам техника тынбай күні-түні жұмыс істеген. Жалпы қала әкімдігі жүйелі талдау жүргізіп, 37 учаскені қаупі бар деп тауыпты. Оның 70 пайызы Алматыға енді қосылған аудандар.

Биыл мамыр айынан бастап 76 миллиметр жауын-шашын жауған. Ауа райын болжайтындар жалпы орташа айлық норма 106 миллиметр дейді. Сондықтан осы айда әлі де жауын құюы бек мүмкін. Тіпті, апта соңына дейін аспанды торлаған қалың бұлт сейілмейді дейді.

«Алда жауын-шашын жауып, күн күркірейді деп болжаймыз. Ауа райы түнде 8-13 градус аралығында жылы болады. Жаңбырлы ауа райы 19 мамырға дейін созылуы мүмкін. Ара-кідік жауын тоқтап, ауа температурасы көтіріледі», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша бөлім басшысы Светлана ӘЛІМҚҰЛОВА.

Нөсерден кейін оқыс жайт тіркелмесе де, Төтенше жағдайлар департаменті сақадай-сай. 5 мыңнан аса маман, 1400-тен астам техника дайын тұр.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы