Қарағанды облысы су тасқынына дайындықты күшейтті

21.03.2018 01:44

Қарағанды облысы су тасқынына дайындықты күшейтті. Ауа райы су деңгейіне қалыпты әсер етіп жатса да, өңірдегі барлық төтеншеліктер сақадай сай. Облыс әкімі Самарқанд су қоймасында болып, алдын алу жұмыстарын тексеріп, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Қазір Нұра өзені мұздан тазартылып, еркін ағып жатыр. Атқамінерлер төтенше жағдай орын алмас үшін мереке күндері кезекшілік те ұйымдастырған.

«Ақадыр - біздің назарымыздағы бірінші елді-мекен. Өйткені күн алдымен осы өңірден бастап жылиды. Ал мейрам күндері арнайы кезекшілік кестесін құрдық. Өйткені ауа райы құбыла қалса, дер кезінде әрекет етуіміз керек», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий ШКАРУПА.

Облыс әкімі учаскелік полиция қызметкерлеріне елді-мекендерде қызыл суға қарсы шараларды бақылауға алуды тапсырды. Егер жағдай ушығатын болса, Ерлан Қошанов жауаптыларға жаза ретінде шығынды өтеуге міндеттейтінін ескертті. Қазір Қазгидрометтің гидрологиялық болжамы көңіл көншітерлік екен. Мамандардың айтуынша, бұл өзен арналарындағы қардың еруіне оң әсерін тигізуде.

«3-4 күннің жүзі болды, барлық арықтар мен су жүретін құбырларды тазалаумен айналысып жатырмыз. Елді-мекендерге бұрылатын құбырлады аршу жұмыстары қалды. Осыны атқарған соң, жағдайға байланысты әрекет ететін боламыз», - деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ.