Қарағанды облысында жайылған 500-ден артық киік Алматы облысына жіберілуі мүмкін

22.05.2018 00:25

Қорғалжын қорығына жақын Қарағанды облысында жайылған  500-ден артық киік Алматы облысына жіберілуі мүмкін. Қазіргі кезде бетпақдалада жеке фирма осы мәселе бойынша жұмысын да бастап кеткен. Бірақ ақбөкенді Алматыдағы Панфилов ауданына жеткізуге ниеттелілердің оған еш рұқсат қағазы болмай шықты. Олардың айтуынша, барлық әрекет ғылыми жоба аясында жүзеге асып жатыр.

«Қорғалжын қорығынан сәл ауып, Қарағанды облысына өткенде біз осындай бір нысанды көрдік. Мұнда көріп тұрғанымыздай, 5-6 канистр жанар-жағармай, құрылыс саймандары, ал ең сорақысы, киік аулауға, киіктің лағын аулауға арналған тор бар екен. Артымыздағы ақ шүберекпен оралған нысанның иелері оны көтеруге, жасауға ешқандай рұқсат қағазын бізге көрсете алмады. Бұл жерде шамамыз бойынша болашақта ауланған киіктің лақтарын осы жерге жинайтын болған.

Әу бастан түсірілімге қарсы болып, өзін дөрекі ұстаған бұл азамат Григорий есімді Қарағанды облысының инспекторы. Оның сөзінше, ол осындағы топтың жұмысы мен киікке оқ атпауын қадағалау үшін әдейі аймақтан жіберілген. Аң аулауға ыңғайлы мотоцикл, көлік, тор мен қолға түскен киіктерді жайғастыратын орын тек ғылыми жоба үшін жасалған.   

«Топ киіктерді Алматы облысы Панфилова ауданына жөнелту керек. Құжаттардың барлығы бар. Ал мына арнайы қоршауды көтеру үшін ешқандай рұқсат керек емес. Барлық керек қағаздар Қарағанды облысының әкімдігінде. Жақында келіп қалуы тиіс. Екі аймақтың да басшылары біледі. Екі күн бұрын сөйлестім. Барлығы да хабардар»,-деді «Охотозоопром» РМҚК Қарағанды облысы бойынша инспекторы Григорий ГУНЕВ.  

Ал Ақмола облысының инспекторлары екі күн бұрын Григорий бастаған 4-5 адам ақбөкендерді тек чиптейміз деп құтылған еді - дейді. Екі сөйлегеннен бөлек, олардың бұл аймақта жұмыс жасауға құжаты түгілі, жүруге де рұқсаты болмай шықты. Араларында қытайша сөйлеп, өзінің мойнына жүктелген қызметін түсіндіре алмаған азаматты да байқадық.

«Құжаттарды күтіп отырмыз. Тек осы жатын орнын жасап қойдық. Арнайы рұқсат алдағы екі күнде келуі тиіс. Сонда кезең-кезеңмен жұмысты бастап жібереміз. Алматыда тәлімбақ та бар. Жұмыстар ғылыми жоба аясында қолға алынған.  Біз осындай шаруамен бірінші рет айналысып отырмыз. Сондықтан керек қағаздармен олқылықтар болды»,-деді топ мүшесі Шабар ҚАРОВ.   

Іс-әрекеттері күдік туғызған азаматтарды Ақмола облысының табиғат пен жан-жануарларға жауапты мамандары құзырлы органдарға тапсырмақ.

«Бүкіл комитетпен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісім құжаттары  болу керек. Құжат жоқ. Ондай құжат болмағаннан кейін, ол жерде жүруге де болмайды. Шара қоладанғанда 102-ге звондаймыз. Полиция шақырамыз. Өздері белгілесін, бұл кісілер кімдер екенін, не істеп жүргендерін»,-деді  «Охотозоопром» РМҚК орталық филиалы басшысының орынбасары Ерлан ӘБДІРАХМАНОВ.

Дегенмен Ауыл шаруашылық министрлігі де бұл жайдан хабардар болып шықты. Қолға алынған бастаманың себебі- үш жыл бұрынғыдай киіктердің жаппай қырылып қалмауы, сондай-ақ қолда өскендері арқылы олардың популяциясын сақтап қалу.

«Ғылыми негізінде қолдан өсіріп, далаға жіберуді жасау үшін Панфилов ауданында жоспарланып отыр. Жоқ. Жұмыс басталған жоқ. Ол жерде ешқандай ұстау жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Біздің инспекторлар, Қарағанды мен «Охотзоопром»  РММ бәрі бақылауда ұстап отыр»,-деді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жануарлар дүниесі және аңшылық басқармасының басшысы АСҚАР ӘБДІРАХМАНОВ.

Күні-түні ақбөкендерге бас-көз болғандар қазір киіктер төлдейтін кезең екендігін айтады. Осы кезде қаскөйлер де көбейеді. 2018 жылдың 4 айында 8 заң бұзушылық тіркелсе, өткен жылы 69 іс қозғалып, оның 34-і сотқа дейін жеткен. Бүгінгі күні елімізде олардың жалпы саны 200 мыңнан асады. Ал Ақмола облысында 20 мыңға жуық. Өткен жылмен салыстырғанда дала тағысы тағы 3 мыңға көбейіпті.