Қарағандыда жанармай бекетіне жай түсіп, жарылыс болды

13.07.2018 22:18

Қарағандыда автожанармай құю станцияларының біріне найзағай түсіп, жарылыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыс 12 шілдеде болған. Қатты тарс еткен дауыс шығып, жанармай бекетінің тас-талқаны шыққан. Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде хабарланғандай, 12 шілдеде сағат 15:43-те Совхозная көшесінің бойындағы «Вита Марс» автожанармай құю стансасына найзағай түскені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына 5 техника және өрт сөндірушілер мен құтқарушылардан құралған 24 адам барған.

Оқиға орнында найзағай соғуы салдарынан 4 жанармай құю бағанының қирағаны анықталған.

«Өрт сөндірушілер жанармай құю бағандары мен жанар-жағармай материалдарын сақтайтын ыдыстарды салқындату жұмыстарын жүргізді. Өрт болған жоқ», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Фото: Skandal.krg