Кәсіпкерлер «Астана» банкінен қаражаттарын ала алмай жүр

04.05.2018 01:15

Екінші деңгейлі банктерде туындаған қиын жағдай салымшылардың берекетін қашырды. Бірнеше күннен бері бас қалада кәсібін дөңгелеткен біраз кәсіпкер депозиттерін шеше алмай, тығырыққа тірелген. Қазіргі кезде «Астана» банкінің басшылары депозиттен бөлек, басқа да қаржылай операциялар жүргізуге тыйым салыпты. Бұл жағдайды мүлдем қиындатқан. Себебі қарапайым халық өзіне тиесілі жалақысын ала алмай әлекке түсуде.

Жақында ғана «Астана» банкі өз клиенттеріне депозит бойынша тиімді пайыздық мөлшерлеме ұсынып, аз уақытта төлемдік карталарды дайындап, ыңғайлы жағдай жасауға ұмтылған болатын. Бірақ әп-сәтте жағдай өзгеріп сала берді.  Енді сенімнен айырылған банк ірі клиенттер алдындағы борышын өтей алмай, тығырыққа тірелген.

Ал ашу-ызаға булыққан кәсіпкерлер мекеме бөлімшелеріне басып кіріп, депозитті қайтаруды талап етуде. Салғанын аламын деп үміттенген бизнесменнің саны 10 -нан асады. Көбінің жұмысы банктің кесірінен тұралап қалған. Жұмыскерлер алдындағы қарыз өсіп, кейбірі құрылыс материалдарына қажет соманы шығара алмай келеді екен.

«Біздегі мәселе - шотқа түскен ақшамызды ала алмай отырмыз. Тапсырушылардың ақшасы бар. Мемлекеттік тапсырыс та бар.  Осы күнге дейін салықты төлей алмадық. Себебі артық төлемге ұрындық. Оның үстіне қазір айлықтың мәселесі тақалып отыр», - деді кәсіпкер Батыр СЕРІКҰЛЫ.

Десе де, банк қызметкерлері халықтың жағдайын түсінгенімен еш шара қолдана алмайтындықтарын жеткізді. Талап сол, керекті соманы тек маусының біріне дейін бөлшектеп алуға ғана мүмкіндік бар.

«Осы банктен 30 млрд  салым болды. Беру болды. Өтімділіктің азаюына байланысты. Қазір сондай шара қолданылып жатыр», - деді «Астана банкі» бөлімшесінің директоры Жасұлан ТОҒЫЗБАЕВ.

Бұл жағдайда тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым халықта тығырыққа тірелген. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге оқуға түскен студенттерде бар көрінеді. Қазірдің өзінде олар  әлеуметтік желі арқылы биліктен араша сұрап, мәселені тездетіп шешуге өтініш айтып жатыр. Өйткені, ай сайын түсетін шәкіртақыға шектеу қойылып, пәтер ақысымен, қарапайым азық-түлік сатып алуда кедергілер туындап отыр.


Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан