Қасыл Қатықбаева атындағы жарыс жеңімпазы білім грантын ұтып алды

26.05.2018 в 00:25

Озаттар оза шапты. Алматыдағы мектеп оқушылары арасында өткен Қасыл Қатықбаева атындағы жарыстың жеңімпазы анықталды. 3 кезеңнен сүрінбей өткен тәлімгер жоғары оқу орнына тегін білім алуға жолдама алды. Ал І, ІІ және ІІІ орынды иеленгендерге қаржылай сыйлық берілді. 10 күнге жалғасқан додаға әу баста 200 үміткер қатысса, ақтық мәреде бақ сынауға 30-ы қалыпты. Түлектер бірінші тест тапсырған, кейін ана тілінде ойын еркін жеткізу деңгейін бақылау мақсатында эссе жазса, соңында ұстаз болған жағдайда ұстанар жобасын қорғаған. Осы сыннан сүрінбегендер сараланып, салтанатты түрде марапатталды. Қала әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттің мықтылығы - білімді азаматтармен өлшенетіндігін жеткізді. Түлектерге ақ жол тілеп, сындарлы сәттен абыроймен  өтулеріне тілекші екенін айтты.

«Елбасы өздеріңіз білетіндей, 5 әлеуметтік реформаны айтты. 20 мың грант қосылады. Жеке қордан тағы да гранттар қосылады деген сөз. Ол да Елбасының саясатын қолдау. Мына отырған біздің шәкірттеріміз болашақта дамыған елде тұрады деп сенемін. Білімнің арқасында», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ұстаз болуды мақсат еткен жеңімпаз да қазылар алқасының алдында мұғалімдік міндетті атқарып жүрген сала маманы  ғылыми тілмен тәлімгерге дәрісті түсіндіру қате екенін айтып, мойындатып шыққан. Физика-математика факультетінде тегін оқуға мүмкіндік алған грант иегері жарыстан кейін білімге деген жігерім одан әрі артты - дейді.

«Менің ойымша, оқушыға ешқашан да кітаптың тілімен сабақ түсіндірмеуі керек. Ғылыми тілде жазылған тіл - оқушыға ғана емес, үлкен адамдардың өзіне қиын. Оларды қызықтырып, өмірлік мысалдар келтіре отырып, бала оны қызықпаса да түсініп алады деп ойлаймын. Менің жеңіп алған  грантым Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің гранты. Мен үшін күтпеген жаңалық болды. Физика-математика пәнін таңдап, мұғалім, болмаса ғалым да болғым келеді», - деді «Қасыл Қатықбаева» атындағы грант иегері Бақытжан ӘБЕК.